Қуанышбек Есекеев Қазақстан Дзюдо федерациясының Президенті болып сайланды

1026

02 желтоқсан жұма күні Астанада Қазақстан дзюдо федерациясының ұйымдастыруымен кезекті конференция өтіп, шарада осы спорттың бір жылғы жұмысы қорытындыланып, саланың аймақтағы жай-күйі мен дамуы барысы туралы есеп тыңдалды. Бас қосу аясында саланы жандандыра түсу үшін федерацияның президенті лауазымына «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев сайланды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Жиынға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Қазақстан ҰОК Бас директоры Серік Қасқабасов, ҚР Дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев, сондай-ақ өңірлік дзюдо федерациясының президенттері мен вице-президенттері қатысты.

Федерация басшысының кандидатурасын кезекті конференцияда дауыс берген барлық 16 қатысушы бірауыздан қолдады. Осы жауапты лауазымға лайықты деп «Қазақтелеком» АҚ Басқармасының төрағасын таңдау бекер емес, Қуанышбек Есекеев өзінің негізгі қызметінен бөлек, отандық спортпен байланысты бірнеше құрылымдарда тиімді қызметімен көзге түскен.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы Қазақстанда киберспорт ресми қызметін бастаған сәттен бері Есекеев мырза Qazaq CyberSport Federation-қазақстандық Киберспорт федерациясын басқарды. Оның басшылығымен осы Федерация қысқа мерзім ішінде тұрақты түрде өтетін ұлттық турнирлердің тұтас желісін, соның ішінде ҚР – ның киберспорттан ресми біріншілігі-Қазақстан Республикасының Кубогын өрістете алды.

Бұдан басқа, Qazaq CyberSport Federation қысқа мерзімде қазақстандық және халықаралық турнирлерді өткізу үшін қажетті инфрақұрылымды құрды, ал отандық кибератлеттер мен командалар таяу және алыс шетелдерден келген қарсыластармен бәсекелестікте олардың шешуші кезеңдеріне жолдамалар ала отырып, ең беделді әлемдік іс-шаралардың тұрақты қатысушылары болып табылады.

Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма басшысы «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып табылады, ол осы спорт түрінен – «Қазақстан Барысы» негізгі турнирін елде және шетелде танымал етуге елеулі үлес қосып келеді.

Қуанышбек Есекеев конференция қатысушыларына көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіріп, қазақстандық дзюдо тарихында көптеген даңқты беттер жазылғанын және елімізде осы олимпиадалық спорт түрінің танымалдығы қазақстандықтардың халықаралық ареналардағы жетістіктерін сақтап қана қоймай, көбейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Балуандық дәстүрі жоғары деңгейде қалыптасқан Қазақстан халқы үшін дзюдо өнері де жат емес. Баршамыз білеміз, елімізде балуандық өнердің тарихы терең, әріге бармай-ақ жауырыны жерге тимеген Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыздан бастап, бүгінде әлемдік деңгейде топ жарған талай түйе балуандарымызды ауыз толтырып айта аламыз. Бүгінде Қазақстан барысын әлем біледі, бұл саланың сөзсіз көшбасшылары, аты аңызға айналған шоқтығы биік спортшыларымыздың тобы қалыптасқан. Міне осы секілді Қазақстандық дзюдо өнерінің де жұлдыздарын қалыптастыруымыз керек. Отандық дзюдо өнері әлі де өзінің мүмкіндіктерін толыққанды көрсеткен жоқ, ауылдарда белдесіп өскен талай қаракөзден чемпиондар жасаймыз» Қазақстан дзюдо федерациясының Президенті Қуанышбек Есекеев

Сондай-ақ, конференция барысында ел өңірлерінде дзюдоның дамуы, Федерацияның 2022 жылы спорттық іс-шараларды өткізуі және ҚР Ұлттық құрамасының Франциядағы 2024 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы есептер тыңдалды. Атап айту керек, дзюдо өнері спорт сүйер қауым үшін, жастар үшін аса қызықты әрі тартымды спорт түрі. Алты жыл бұрын Алматыда Дзюдо академиясы ашылған болатын, онда болашағынан үміт күттірер жас спортшылар Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен бірге жаттығуына мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда дзюдомен айналысатын спортшылар саны 90 мыңға жуықтады. Бұл көрсеткіш күрт ұлғаюы әбден мүмкін, себебі дәл осы спортқа баулитын секциялар мен клубтар саны бір ғана Астананың өзінде 1 жылда 3 есе артқан, яғни 2021 жылы дзюдо күресін дамытатын 11 спорт клуб жұмыс істесе, бүгінде мұндай орталықтар саны 35-ке жетті.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -