Қорғаныс министрлігі Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлік ротаға инспекция жасады

4796
Фотосурет: Gov

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен инспекциялық топ қазақстандық бітімгерлік контингент орналасқан Фауар базасында болды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қорғаныс министрінің орынбасары ұлттық контингент командирі подполковник Жігер Айыповтың баяндамасын тыңдады. Алты ай ішінде қазақстандық бітімгерлер шекара маңындағы аудандарда 168 патрульдеу жүргізген. 18 рет БҰҰ персоналын алып жүрген, сондай-ақ 13 рет жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыруға қатысқан және 30 рет медициналық эвакуация жүргізген. Сонымен қатар жедел әрекет ету топтары оқиға орнына 102 рет барған.

Сапар барысында генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев миссия қолбасшысының орынбасары бригадалық генерал Амитабх Джамен пікір алмасты. Қазақстандық контингенттің күнделікті өмірін ұйымдастыру мен тәртіпті сақтауда басқа бөлімшелерге үлгі болатынын атап өткен ол қазақстандық бітімгерлердің кәсібилігіне жоғары баға берді.

Базаның орналасқан жерінде инспекциялық топ техниканың, қару-жарақтың жарамдылығын, құрал-жабдықтардың жалпы жай-күйін егжей-тегжейлі тексерді. Министрдің орынбасары сонымен қатар тұрғын үй-жайларды аралап, асханада тамақтануды ұйымдастыру жағдайымен танысты. Инспекция барысында ол бітімгерлік базасының аумағында орналасқан ойын алаңдары, жабық спорт залы, бассейні бар спорт қалашығын көріп шықты. Онда қызметтен бос уақытында әскери қызметшілер спортпен шұғылданады.

Естеріңізге сала кетейік, «БҰҰ күштерінің бөлінуін бақылау жөніндегі» миссиясы қолбасшысының резерв ротасы 139 әскери қызметшіден тұратын қазақстандық бітімгерлер БҰҰ мандатына сәйкес атысты тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -