5434
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қазақ халқында «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Ер барда – ел қор болмас» деген ұлағатты сөздер бар. Бұл нақыл сөздер бүгінгі таңда еліміздің қорғаны, Отанға адал қызмет етіп жүрген жастарымыздың болмысын дәл сипаттайды. Олардың бірі – Ұлттық ұлан Академиясында білім алып жатқан курсант Диас Бедельбай. Ол өзінің батылдығы, білімге деген ұмтылысы мен патриоттық сезімі арқылы ол қазіргі жастар үшін үлгі болып келеді.

Диас Қайратұлы Бедельбай 2004 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген. Бала кезінен әкесінің жолын қуып, әскери қызметті таңдауды армандаған. 2021 жылы Қ. Орымбетов атындағы орта мектепті тәмамдап, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Академиясына оқуға түседі. Қабылдау кезінде-ақ ол оқуда да, спортта да өз талантымен көзге түсті.

Диастың батылдығы мен жауапкершілігі тек оқудағы жетістіктерімен шектелмейді. Елдің басына күн туған кезде, әсіресе, елімізде орын алған су тасқыны кезінде ол батылдық пен бірліктің айқын үлгісін көрсетті. Әскери қызметкерлер мен қарапайым азаматтар бірігіп, табиғат апатымен күресуге жұмылдырылды. Диас Қайратұлы да өз қызметін адал атқарып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы атынан алғыс хатпен марапатталды. Бұл оның Отан алдындағы міндетін өтеуге деген адалдығы мен жауапкершілігін тағы да айқындай түседі.

Қазір Диас Академияда оқуын жалғастырып, соңғы курсқа аяқ басқан. Оқу орнындағы жоғары үлгерімі мен белсенділігі оны қатарластары арасында көшбасшы ретінде танымал етті. Ол Академияның түрлі іс-шараларына белсене қатысып, «Ұлттық ұлан белсендісі» атағына ие болды. Диас сондай-ақ, «Жайдарман» әзілкештер мен тапқырлар сайысында да марапаттарға ие болып, өз өнерімен көпшіліктің көңілін көтерді.

Диас Бедельбайдың жетістіктері мен істері оның бойында патриоттық сезімнің, азаматтық жауапкершіліктің және көшбасшылық қасиеттерінің қалыптасқанын көрсетеді. Оның өмір жолы — жастар үшін нағыз үлгі. Диас өзінің жетістіктеріне жетуде ең алдымен ата-анасына алғысын білдіреді, себебі олар оған тәрбие мен қолдау көрсетіп, елін сүйген, өз Отанына қызмет етуге дайын азамат етіп тәрбиелеген.

Ұлттық ұлан Академиясының қабырғасында білім алып жүрген осындай жігерлі, қайсар жастардың қатары артып келе жатқанын айтуға болады. Олар болашақта еліміздің қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарып, Отанға адал қызмет ететін нағыз батырлар болады. Диас сияқты жас патриоттар  Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімді күшейтеді.

Қатардағы Маржан Талапкер

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -