Перейти к основному содержанию
12 Июня 2019  7

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзі

чы

Сөйлеген сөзінің мәтіні Ақорданың сайтында жарияланды.

Аса қадірлі Елбасы!

Құрметті отандастар!

Ең алдымен, маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын!

Бұл сайлау, шын мәнінде, демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында, нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды.

Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды.

«Сайлау – бұл қатысушылардың пікірі ғана жеңіске жететін жарыс» – дейді.

Расында, әділ пікір.  

Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді.

Сондықтан, бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі!

Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық.

9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген Әрбір азаматтың пікірі – Біз үшін өте маңызды!

Өйткені, халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз.    

Сондықтан, Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді:

Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін!

Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін.

Ашық және әділ жұмыс істейміз.

Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету.  

Біздің бір ғана Отанымыз бар!

Тағдырымыз – бір!

Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!     

Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз  Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді!

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті.

Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде.

Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту.

Шын мәнінде, халықтың Дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды.

Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы.

Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері.

Әлем тарихына дәл осылай жазылды.

Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін Әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз.

Фото: primeminister.kz

primeminister.kz