Қаржы нарығы топ-менеджерлерінің VII жыл сайынғы саммитіндегі сөз сөйлеу тезистері

1684



Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляковтың CFO Idea Exchange & Networking Event 2020 Қаржы нарығы топ-менеджерлерінің VII жыл сайынғы саммитіндегі сөз сөйлеу тезистері.

Қадағалау мен ішкі резервтердің қазіргі және болашақ тәуекелдерге барабарлығы туралы: 

«Қаржы ұйымдарының орнықтылығын арттыру материалдық тәуекелдерге, сондай-ақ экономиканың циклдық даму сипатына немесе сыртқы күйзелістерге байланысты құрылымдық теңгерімсіздіктерге осалдықты төмендету үшін қажет.

Қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Агенттік жалпыға танымал халықаралық реттеу стандарттары негізінде қаржы ұйымдарының тәуекелдерін басқарудың  ішкі жүйелерін және корпоративтік басқаруды жақсарту үшін ынталандыру жасау, қаржы нарығының тәуекелдерге барынша ұшыраған салаларына барынша қадағалау ресурстарын шоғырландыру міндетін қояды.

Агенттік қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын, оның ішінде макропруденциялық саясат тетіктерін қолдану арқылы қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Агенттіктің макропруденциялық саясатының міндеттері:

  • қаржы жүйесінің жағымсыз жағдайларда да тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді әрі орнықты экономикалық өсуді қолдауға ықпал ететін буферлерді қалыптастыру және босату арқылы қаржы жүйесінің біріктірілген күйзелістерге орнықтылығын арттыру;
  • негізделмеген және экономикалық өсумен расталмаған борыш жүктемесінің ұлғаюына жол бермеу;
  • жекелеген ұйымдардың жалпы тәуекелдерінен, өзара байланыстарынан және маңызды рөлінен (‘chain reaction’, ‘too big to fail’) туындайтын қаржы жүйесіндегі құрылымдық осалдықтарды төмендету болып табылады. 

Жүйелік тәуекелдерге тиімді диагностиканың макропруденциялық саясат үшін шешуші мәні бар. Қолданылатын макропруденциялық құралдардың әсерін бағалау қолданылатын құралдардың, қажетті тәсілдердің тәуекелдерін, ауқымдарын және санын түзету үшін қажетті уақытты ескере отырып жүзеге асырылатын болады.


Қадағалаудың тәуекелге бағдарланған моделі  туралы: 

«2019 жылы қаржы нарығын реттеуге қадағалаудың тәуекелге бағдарланған моделі  (ТБҚ) енгізілді.

ТБҚ режимінің негізгі элементі – қадағалау органының уәжді пайымдау негізінде енгізу және әрекет ету құқығы. Агенттікте уәжді пайымдауды қолдану құқығының болуы оның қадағалау шешімдерін икемді әрі шұғыл қабылдауын қамтамасыз етеді. 

ТБҚ қадағалаудың алдын алу сипатын болжайды, онда қаржы ұйымының қазіргі уақыттағы да, жақын болашақтағы да қауіпсіз әрі тұрақты қызметін қамтамасыз ету басты мақсат болып табылады.    

ТБҚ-ны дамытудың маңызды кезеңі банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау болып табылады, ол бүкіл қаржы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, оның орнықтылығын арттыру үшін банктердің процестерін, саясаттары мен рәсімдерін жетілдіру бағыттарын айқындайды.  

Тәуекелге бағдарланған тәсіл «теңбе-теңдік» қағидатын қолдануды да болжайды, оған сәйкес реттеу талаптары қаржы нарығының әрбір қатысушысының жүйедегі маңыздылығын, қызметінің қиындығын және қабылдайтын тәуекелдерін ескере отырып, олардың әрқайсысының ерекшелігін есепке алады. 

Базель стандартының екінші құрауышын енгізу жөніндегі жұмыс жалғасады. Ол банктің жеке тәуекел-бейінін, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін ескере отырып, оның капитал жеткіліктілігіне қойылатын талаптарды белгілеуді (яғни «қадағалау үстемесі») болжайды. Капиталға қадағалау үстемесі банктің тәуекел факторларын сандық тұрғыдан бағалау, банктің даму стратегиясын және операциялық ортаның әсер ету дәрежесін, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің тиімділігін ескере отырып капиталды басқару процесінің тиімділігін сапалық тұрғыдан бағалау нәтижелері бойынша белгіленетін болады. Қадағалау үстемесі міндетті талап болады және банктердің қызметінде анықталған тәуекелдер мен кемшіліктерді жылдам жоюын ынталандыруға арналған. 

Агенттік қаржы ұйымдарына олардың қызметіне тән тәуекелдерді сапалы және дербес басқаруға мүмкіндік беретін қағидаттарға формалды реттеуші талаптарға баса назар аудара отырып, қадағалау процесін қайта жүктеу  жұмысын жалғастырады. 

Фото Смолякова внутри.jpg

Қаржы секторының экономиканы қаржыландырудағы рөлін арттыру туралы: 

«Ақша ресурстарын қайта бөлу арқылы экономиканы қаржыландыру қаржы секторының негізгі міндеті болып табылады. 

Соңғы жылдары заңды тұлғаларды кредиттеудің тұралауы байқалып отыр. Экономиканың нақты секторы тарапынан сұраныстың төмендеуі кәсіпкерлік тәуекелдердің жоғары болуына және бизнесті қысқа мерзімді жоспарлауған негізделді. Нәтижесінде ұзақ мерзімді, инвестициялық өнімдерге сұраныс ағымдағы қызметті айналым қаражатын толықтыру түрінде қолдау қажеттілігінен ығыстырылуда.

Агенттік экономиканы қаржыландырудың өсуін тежейтін негізгі себептерге талдау жасады. Олардың ішінде негізгі және шешімді талап етілетіндері корпоративтік қарыз алушылар сапасының төмен болуы және олардың капитал болмаған кезде кредиттелуінің жоғары болуы, қаржыландырудың нарықтық қағидаттарының дамуын ынталандырмайтын бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру есебінен ресурстар құнының бұрмалануы, кредиторлардың құқықтарын шектейтін банкроттық рәсімдердің құқық қолдану практикасының әлсіздігі болып табылады.

Экономиканы қаржыландырудың өсуі үшін басты талаптардың бірі экономиканың нақты секторы кәсіпорындарын қалыпқа келтіру және оларды капиталдандыруды арттыру болып табылады.

Корпоративтік банкроттық жүйесі активтерді неғұрлым тиімді меншік иелері-кәсіпкерлерге бере отырып дәрменсіз және тиімсіз компаниялардың нарықтан уақтылы шығуын қамтамасыз етуге тиіс. 

Кепіл кредиторға абсолютті басымдық берілетініне кепілдік берілуге тиіс. Кепіл мүлкіне қатысты кез келген шешім тек кепіл кредитордың келісімі жағдайында қабылдануға тиіс. 

Экономиканы жаңа кредиттеудің өсуі үшін стрестік активтердің тиімді нарығын құру және проблемалық кредиттер бойынша өндіріп алынған мүлікті экономикалық айналымға белсенді тарту басты мәселе болып табылады. 

Бұл үшін банктердің стрестік активтермен жұмысының мониторингін және бақылауды күшейту арқылы ынталандыру шараларының комбинациясы қажет. 

Бұл ретте, мен олардың әділ құнын қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді, оған AQR, сондай-ақ Қазақстандағы бағалау қызметінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттыру бойынша жүйелі шаралар ықпал ететін болады. 


ШОБ субъектілерінің кредит қабілеттілігін шынайы бағалау туралы:

«ШОБ субъектілерінің кредит қабілеттілігін шынайы бағалау үшін қаржы ұйымдарының мемлекеттік дерекқорға қол жеткізуін де кеңейту қажет. 

Агенттік, өз кезегінде, кредит қабілеттілігі сенімді көздерден алынған деректермен расталған ШОБ субъектілеріне берілген стандартталған қарыздар бойынша реттеуші талаптарды азайту мәселесін қарауға дайын.  

Экономиканы дамытуды мемлекеттік қолдау құралдарының тиімділігін арттыру қажет. 

Жеңілдікті кредиттер беру және сыйақы мөлшерлемелерін өтеу арқылы тікелей субсидиялаудың орнына кредиттік тәуекелді өтеу құралдарын пайдалану аясын кеңейту маңызды, мысалы, даму институттарының кепілдіктері.

Экономиканың нақты секторын қаржыландыру үшін ірі және орта эшелонның жеке меншік компанияларын ІРО-ға шығару үшін ынталандырулар жасау қажет. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар бағалы қағаздар нарығындағы қаржыландырудың бір бөлігін тартуға тиіс. Сонымен қатар, мемлекет қатысатын қорлардың қаражатын қор нарығы құралдарына белсенді инвестициялау үшін жағдай жасау және зейнетақы активтерінің жеке басқарушылары институтын құру қажет.

Шетелдік инвесторларды қоса алғанда, инвесторлардың жұмысы үшін қор биржасы арқылы мәмілелер жасасу кезінде қор нарығында кредиттік және жүйелік тәуекелдерді басқару тетіктерінің болуы маңызды талап болып табылатынын ескере отырып, тиісті нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру шеңберінде Агенттіктің алдында қор нарығында орталық контрагенті институтының қызметін тиімді ұйымдастыру жөніндегі бірінші кезектегі міндет тұр.

Осылайша, ашықтықты ынталандыру, активтер мен ресурстарға дұрыс баға белгілеу, тәуекелдерді бағалау және басқару құралдарын дамыту, құқықтарды қорғау қаржы секторының барлық сегменттерін дамытуға жүйелі әсер етеді». 


Қаржылық қолжетімділікті және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы: 

«Қаржылық қызметтерге қол жеткізудің негізгі көрсеткіштерінің бірі банктік немесе электрондық шоттарға қол жеткізу және оларды белсенді пайдалану болып табылады. Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша, Қазақстан Республикасындағы осы көрсеткіш шамамен 59%-ды құрайды (дүниежүзілік орташа көрсеткіш – 69%). Бұл ретте, халықтың 53,9%-ы төлемді қолма-қол ақшасыз жүзеге асырады және алады (дүниежүзілік орташа көрсеткіш – 52%). Дүниежүзілік орташа көрсеткіш 30% болғанда, жалақы және өзге де төлемдерді алу үшін төлем карточкасын 42% пайдаланады.

Бұл ретте қаржылық сауаттылықтың жалпы деңгейі жеткіліксіз деңгейде тұр. Жүргізілген әлеуметтанушылық зерттеуге сәйкес ол дамыған елдермен салыстырғанда төмен болып, 36,25%-ды құрайды. 

Сонымен қатар, қолданыстағы қаржы өнімдерін пайдалану кезіндегі халықтың дағдысы деңгейі болмашы 25%-ды құрайды. Ең көп пайдаланылатын негізгі банк өнімдері: кредиттер, депозиттер және ағымдағы шоттар. Бұл ретте сақтандыру нарығының өнімдері мен қызметтерін пайдалану деңгейі 7%-дан аспайды, ал бағалы қағаздар нарығының өнімдері мен қызметтерін пайдалану 1%-ды құрайды.

Халықтың қаржылық сауаттылығы мен қаржылық қолжетімділік деңгейін арттыру бойынша реттеуші жұмысының, сол сияқты қаржы институттары рөлінің маңыздылығын да атап өткім келеді. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қаржылық қолжетімділік пен қаржылық сауаттылық қатар дамуы қажет.

Бұл үшін клиенттік-орталықтану маңызды – яғни, оның шеңберінде қаржы өнімдері қаржылық қызметтерді тұтынушылардың барлық санаттарының жеке қажеттіліктері мен қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, ең алдымен табысы барынша төмен ортаны қалыптастыру. Ақпараттық ашықтықты арттыру қажет, оған мінез-құлық сипаттамаларын талдау және тұтынушыны қаржы өнімдерінің артықшылықтары туралы ғана емес, сондай-ақ тәуекелдер туралы да хабардар ету ықпал ете алады. 

Қаржы нарығында іскерлік және этикалық қағидаттарды қалыптастыру, дауларды сотқа дейін реттеу рәсімдерінің рөлі мен тиімділігін арттыру қаржылық қызметтерді тұтынушылардың адалдығын қалыптастырып, қаржылық инклюзияға ықпал ететін болады».


Қаржы нарығындағы жаңа технологияларға бейімділік туралы: 

«Технологиялық өзгерістер мен цифрландыру қаржы-экономикалық ландшафт құрылымын қайта форматтауға алып келеді. Жаңа технологиялық шешімдер экономикадағы қаржы ресурстарын неғұрлым тиімді бөлуге ықпал ете отырып, халық пен бизнес үшін қаржылық қызметтердің қаржылық және географиялық қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Қаржы секторы цифрлық технологияларды белсенді қолданатын негізгі салалардың бірі болып табылады. Соңғы жылдары интернет және мобильді қосымшалар арқылы онлайн-қызметтерді ұсыну саласында айтарлықтай даму болды. Банктердің, сақтандыру ұйымдарының, брокерлердің цифрлық технологияларды пайдалануы қаржылық қызметтерді алу уақытын едәуір қысқартуға, операцияларды жүргізудің өзіндік құнын төмендетуге, «24/7» режимінде қызметтер көрсетуге мүмкіндік берді.

Осыған байланысты қаржылық технологиялар ұсынатын артықшылықтарды оңтайлы пайдалану үшін институционалдық іргетас салудың маңызы зор.

Қаржылық технологиялар тұрақты даму процесінде тұр және кеңінен қолдану үшін бірқатар тәуекелдері бар, атап айтқанда қаржылық инновацияларды енгізу үшін қажетті құқықтық және техникалық талаптар әрдайым бола бермейді.

Осыған байланысты, Агенттік тарапынан бейімделген нормативтік-құқықтық ортаны құру бойынша бірқатар жұмыс жүргізу жоспарланып отыр, оның шеңберінде қаржылық қызметтерді ұсынатын ұйымдар қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін технологиялық шешімдерді пайдалана алады.


Қаржы нарығында қаржылық технологияларды 2025 жылға дейінгі дамытудың стратегиясы туралы: 

«Ұлттық Банк Агенттікпен бірлесіп Қаржы нарығында қаржылық технологияларды 2025 жылға дейінгі дамыту стратегиясын әзірлеуде, оны іске асыру электрондық іс-әрекетті дамытуға, қаржы операцияларының қолжетімділігін, қауіпсіздік деңгейін және тиімділігін  арттыруға мүмкіндік береді. 

Стратегия шеңберінде қаржылық қызметтерді алу кезінде қаржы ұйымдары, мемлекеттік органдар және тұтынушылар арасында электрондық өзара іс-қимылға көшу жалғасатын болады.

Қаржылық қызметтерді ұсыну кезінде клиенттерді қашықтан  сәйкестендіру құралдарын дамыту мақсатында Агенттік жеке деректерді рұқсатсыз пайдаланудан сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударатын болады. 

«Реттеу ортасы» шеңберінде инновациялық шешімдерді енгізуге нарық мүддесін ынталандыру жұмысы жалғасатын болады. Бұл реттеуші бақылауымен қаржы нарығындағы инновацияларды ең төмен тәуекелдермен сынақтан өткізуге және жаңа қаржы технологиялары мен өнімдерді нарыққа тезірек шығаруға мүмкіндік береді».

 
Қаржы нарығындағы бәсекелестік пен бөлу туралы: 

«Реттеу аясына дәстүрлі өнімдерге қол жеткізе алмайтын клиенттердің қаржылық қызметтерін алу мүмкіндігін кеңейтетін қаржы нарығының жаңа қатысушылары кіреді. Сонымен қатар бұл тәжірибе үнемі әділ әрі  консервативтік стандарттарға негізделе бермейді. Сонымен бірге жаңа технологиялық шешімдер реттеушілік талаптар мен төрелік тәуекелдерді айналып өту мүмкіндігін жасайды. Сондықтан қаржы нарығы субъектісіне байланысты реттеуді одан әрі бөлуге қарағанда, қызмет түрлеріне қойылатын талаптар белгілеуге баса назар аудару қажет. Бұл әсіресе ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын қалыптастыру және ДСҰ шеңберінде өтпелі кезеңді аяқтау жағдайында маңызды». 

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -