Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінде экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру және «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.
Шараға Сенат депутаттары, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Қаржы министрлігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Сенат комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов отырысты аша отырып, Парламент комитетінің көшпелі отырысының мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жағдайын, Қаржы мониторингі комитетінің құқық қорғау қызметінің аспектілерін жетілдіру, экономика және қаржы саласындағы кез келген құқық бұзушылықтарды мемлекет назарынан тыс қалдырмауды қамтамасыз ету, қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауапкершілікке тарту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыспен күресте азаматтармен өзара-қимылды талқылау екенін атап өтті.
«Әлемдегі ерекше геосаяси орны бар Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан нарықтық экономикасы бар, бірқатар елдерге жақын орналасқан және әлемдік сауда айналымындағы транзиттік дәліз болып табылады. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс - қимыл және заңсыз операцияларды қаржыландыру көздерін жабу мәселелері аса маңызды болып отыр», - деп атап өтті сенатор.
Қ.Сафиновтың айтуынша, заңсыз кірістерді жылыстатуға қарсы күрестің, құқыққа қарсы және заңсыз операцияларды қаржыландырудағы аса маңызды мәселелердің бірі ұлттық және халықаралық деңгейдегі теріс әрекеттердің жолын кесу мақсатындағы тетіктер құру болып табылады.
Отырыс барысында еліміздің Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің 2018-2019 жылдардағы Экономикалық тергеу қызметінің нәтижелері, ішкі мемлекеттік аудит бойынша құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл мәселелері, экономикалық қылмыстарды сотқа дейінгі тергеу заңдылығының жай-күйі және қаржы жүйесінің басқа да өзекті тақырыптары қаралды.
Бас прокуратура өкілінің ақпараты бойынша, 2019 жылдың 9 айында ғана ақтау негіздері бойынша 87 адамға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылып, ақтау үкімдері шығарылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі 13 материал СДТБТ-де негізсіз тіркелген және прокурорлар 522 негізсіз шешімнің күшін жойды. Осыған байланысты депутаттар азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету қажеттігі мен кінәсіздерді қылмыстық қудалау аясына тартуды азайтуға құқық қорғау органдарының назарын аударды.
Комитеттің көшпелі отырысының нәтижесі бойынша еліміз Үкіметінің атына қорытынды қабылданды.