Перейти к основному содержанию
1 Февраля 2019  16

"Kompetenz" сақтандыру компаниясы лицензиясынан айырылды

"Kompetenz" сақтандыру компаниясы лицензиясынан айырылды

«Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша, «жалпы сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығы берілген 2018 жылғы 12 қыркүйектегі № 2.1.24 лицензиясының (бұдан әрі – Лицензия) қолданылуының бірнеше рет (соңғы он екі ай ішінде екі рет) тоқтатылғаны үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 10 қаулысымен «Kompetenz» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Сақтандыру ұйымы) 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап Лицензиядан айырылды. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 63 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Сақтандыру ұйымының барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Сақтандыру ұйымының уақытша әкімшілігі өз қызметін Сақтандыру ұйымының тарату комиссиясы тағайындалғанға дейінгі кезеңде жүзеге асырады.

Сақтандыру ұйымы 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап қаржылық қызметін, оның ішінде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға байланысты жағдайларды қоспағанда, қолданыстағы шоттар бойынша операцияларды жүзеге асыруды тоқтатады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі заңнамада белгіленген тәртіппен Сақтандыру ұйымының қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен сотқа жүгінеді. Сақтандыру ұйымын Лицензиядан айырған күннен бастап кредиторлардың Сақтандыру ұйымына талаптары Сақтандыру ұйымын ұстауға жұмсалатын ағымдағы шығыстармен байланысты талаптарды қоспағанда, тарату өндірісінде ғана қойылуы мүмкін.

Барлық туындаған сұрақтар бойынша уақытша әкімшіліктің басшысы Ержан Жақсылықұлы Алыбаевқа +7 (727) 227 31 61 және +7 701 712 17 78 телефондары бойынша өтініш жасауға болады.

 

фото: Zoon.kz