Батыс Қазақстан облысында ардагерлер десантшылармен кездесті

907
Фотосурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Өңірдің әуе-десанттық әскерлерінің ардагерлері су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілетін жерде әскери қызметшілерді қолдауға келді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Десантшы десантшыны жауынгер аға тұтады. Бұл қағида қашанда көк берет пен ала кеудеше киген «қанатты жаяу әскерлердің» жауынгерлерін біріктіріп келеді. Ардагерлер аймаққа өздері қызмет еткен әскер түрінің жауынгерлері келгенін естігенде, қолдау көрсетуге асықты.

– Бұл біздің 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының жауынгерлерімен алғашқы кездесуіміз емес. Мұнда біз қазанымызды ала келдік. Бәйтерек ауданында олар жұмыс істеп жатқан жерде палау әзірледік. Ал бүгін жауынгерлік рухын көтеру үшін шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, – деді ардагерлер ұйымының төрағасы Мәрлен Иманғалиев. 

Псков 76-шы әуе-десанттық дивизиясында қызмет еткен Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Марат Сарбөпеев пен Александр Сухарев орындаған «Жан досым», «Батальон барлауы», «Десант» әскери-патриоттық әндері және десантшылардың әнұраны іспетті боп кеткен «Синева» әні ерекше қошеметпен тыңдалды. 

– Біз Оралға көмекке келген Алматы мен Талдықорғанның жігіттеріне өте ризамыз. Мұндағылар бір адам бір қапты көтереді, ал десантшы бірден үш қап көтере алады дейді. Бір күндік жұмысты олар бір-екі сағатта орындайды, сол үшін оларға үлкен рахмет, – деді Германияның Котбус қаласындағы 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында қызмет еткен ардагер Әлібек Сүндетбаев.

Кездесу соңында ардагерлер әскери қызметшілерге генерал-майор Иван Панфилов атындағы 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының мұражайына берілетін әуе-десанттық әскерлердің туын сыйға тартты. 

Естеріңізге сала кетсек, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 300-ден астам әскери қызметшісі Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Теректі және Бәйтерек аудандарында өзен жағалауларын нығайту және бөгеттер салу жұмыстарын жалғастыруда.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -