Қырағылық - жауынгердің қаруы

315
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов әскери бөлім командирлеріне үнемі жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеруді тапсырды. Сондықтан командирлерге сарбаздардың жауынгерлік қызмет атқаратын орындарына жиі барып, олардың жағдайларын бақылауда ұстау керегін ескертіп отырады. Мұндағы мақсат – әр сарбазға өзі атқарып жүрген қызметтің маңызы мен мәнін жіті түсіндіру.

Осындай маңызды жауынгерлік қызметтің бірін 6679 әскери бөлімінің келісім шарт бойынша әскери қызметшілері мен сарбаздары атқарып жүр. Мәселен, қарауыл бастығының көмекшісі болып қызмет ететін ефрейтор Ерқанат Сағатов Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерінің бірін күзетеді. Оның негізгі жауапкершілігіне сотталғандардың қашып кетпеуін қадағалау және құқық бұзушылық оқиғаларын болдырмау жатады.

Іргетасы 1961 жылдың 6 қаңтарында құрылған түзеу мекемесі 700 адамға арналған. Бүгінде ол жерде 500-ден астам сотталған адам отыр. Ал оларды Ұлттық ұлан жауынгерлері қас-қақпай күзетіп жүр. Яғни, құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздары мен сардарлары күндіз-түні қарауыл қызметін атқарып жүр.

"Біздің сақшылар төрт бекетте үш сағаттық ауысыммен қызмет атқарады.  Мәселен, бір күзет орнына үш адам тағайындалса, олардың әрқайсысы бір күнде жалпы есеппен 8 сағаттық қызмет атқарады. Абырой болғанда, бүгінге дейін сотталғандардың түрмеден қашып кеткен жағдайлары болған жоқ. Бірақ былтыр тыйым салынған аумаққа шығып кеткен сотталған адам болды. Қырағы қарауыл қызметшілері қылмыскерді дер кезінде тоқтатып қашуға жол бермеді" Ефрейтор Ерқанат Сағатов

Әдетте қарауыл қызметіне түсетін сарбаздар ұйқыдан 20 минут ерте оянып, дене шынықтыру жаттығуларын орындайды. Сондай-ақ оларға түсіндіру сабақтары өткізіледі. Кейін қолдарына қару-жарақ алады. Алдын ала инструкция жүргізіледі.

Қарауыл бастығының көмекшісі өзімен бірге қарауыл қызметіне түсетін сарбаздарды көбіне сырттай бақылауда ұстайды.  Оларды сөзге тартып, жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысады.

Қандай да бір қиындық туындаған болса, мәселесін шешуге көмектеседі. Қызмет барысында жауынгерлердің жүріс-тұрысы мен көңіл күйіне де назар аударылады.

"Қарауыл соңында жауынгерлік есеп жүргізіледі. Сол кезде сарбаздардан байқалған мінез-құлық жайлы мәліметті қағаз бетіне түсіреміз" кейіпкеріміз

Қарауыл қызметіндегі негізгі жауапкершілік сардарлардан бөлек, сарбаздарға да теңдей бөлінеді. Қолына қару алған қырағы жігіттер биік бекеттен айналаны шолып отырады. Жанарына жан-жақтағының бәрін сыйдыра алатын олар өз міндетін жақсы біледі. Сондай әпжіл жігіттердің бірі – қатардағы Михайлис Никита.

"Экономикалық колледжді аяқтағаннан кейін әскер қатарына өз ықтиярыммен қосылдым. Жауынгерлік қызметімді ауыр деп те, жеңіл деп те айта алмас едім. Бірақ жауапкершілігі мол. Біздің бәрімізге ортақ басты міндет – сотталған адамдардың біз күзететін мекемеден қашып кетпеуін қадағалау. Бекетте тұрған сәтте оқыс оқиға болып қалмауын қалап тұрасың. Егер сондай жағдай бола қалса, қандай әрекет жасайтының туралы ойланасың. Негізі мұның да өз алгоритмі бар. Менің қызметім кезінде заңсыз жағдайлар болған емес. Соған қарамастан өз міндеттерімді жақсы меңгергенім үшін алғыс арқалаған сәттерім бар. Жақсы жауынгерлік дайындығым үшін бүгінге дейін басшылық құрамнан алты мәрте жазбаша түрде алғыс алдым. Олардың арасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы атынан алған марапатым да бар. Ал қызметімнен бөлек жайттар жайлы айтар болсам, Павлодар қаласының жайлылығы, әдемілігі туралы сөз етер едім. Біз кейде қаладағы мәдени іс-шараларға да қатысып тұрамыз бұл біздің жауынгерлік қызметті сергек атқаруымызға септігін тигізеді" 2 атқыштар ротасының жауынгері қатардағы Михайлис Владимирович

Сөзі кесек, ісі ірі осындай жауынгерлер тұрғанда түзеу мекемелеріндегі тәртіп қатаң, қоғам тыныш болады. Нағыз ерлерге тән төзім мен шыдамдылық та дәл осы қарауыл қызметінің қырандарынан табылады. Сондықтан да күндіз-түні көз ілмей ел тыныштығын күзетіп жүрген ұландықтардың қызметі ұлықтауға тұрарлық.

Қатардағы

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ   Астана – Павлодар - Астана

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -