Парламент Сенатының депутаты Әсем Рахметова Қазақстанның делегациясы құрамында Ұлан-Батыр қаласында өткен «Орнықты даму жөніндегі Транс-Алтай диалогы. Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» халықаралық форумына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қатысушылар шара барысында орнықты даму мақсаттарын тиімді іске асыру, геосаяси шиеленіс, климаттың өзгеруі, инфляция, халықаралық сауда, азық-түлікпен қамтамасыз ету және т.б. мәселелерді талқылады.
Сенат депутаты Әсем Рахметова форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстанның орнықты даму мақсаттары мен міндеттерін іске асыру мониторингі жөніндегі парламенттік комиссиясының жұмысы және елімізде жүзеге асып жатқан реформалар туралы айтып берді.
Шара БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібіне қол жеткізу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды ынталандыруға бағытталған. Форумға әлемнің 11 елінен 300-ден астам адам қатысты. Қатысушылар қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун да бар.