Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғанына 30 жыл болды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Соңғы үш онжылдықта екі ел арасында сенімді саяси диалог орнатылып, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Қауіпсіздік, көлік, сауда, инвестиция, мәдениет және білім беру сияқты ынтымақтастық салаларын реттейтін берік екіжақты шарттық-құқықтық база (35-тен астам келісім) құрылды.
Парламентаралық диалогты дамытуда Қазақстан Парламентіндегі «Қазақстан-Германия» және Германия Бундестагындағы «Германия-Орталық Азия» достық топтары маңызды рөл атқаруда. Германияның Конрад Аденауэр, Фридрих Эберт, Роза Люксембург атты саяси қорларымен және Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) бірлесіп азаматтық қоғамды дамыту, заң үстемдігін нығайту, білім беру саласында түрлі жобалар жүзеге асырылуда.
Екі мемлекет бір-бірінің маңызды халықаралық бастамаларын жүзеге асыруға, мысалы 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін және 2017 жылы ЭКСПО көрмесін Қазақстан астанасында өткізуге, қолдауда. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында Қазақстан Германияның «Орталық Азияға арналған су бастамасының» жалғасы болып табылатын «Жасыл Орталық Азия» неміс бастамасының белсенді қатысушысы болып табылады.
Тиімді географиялық орналасқандығына орай мемлекеттер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Бүгінде Қазақстанның Еуроодақтағы ең маңызды сауда серіктестерінің бірі – Германия. Германияның Орталық Азия аймағымен сыртқы саудасының 85%-дан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық нарыққа Германиядан инвестицияның айтарлықтай өсуі байқалады – 5 миллиард доллардан астам; бұл ретте барлық инвестицияның 90%-ға жуығы Қазақстан экономикасының өңдеу секторына тиесілі. «Технология үшін шикізат» формуласы бойынша серіктестік аясында Қазақстан Германияға өзінің шикізатына, әсіресе жаңа технологиялар мен жасыл энергияны дамыту үшін қажетті қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Экономикалық ынтымақтастықты арттыруға және өзекті мәселелерді шешуге бірлескен механизмдер – Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы, Іскерлік кеңес, Неміс инвесторларымен жұмыс жөніндегі үкіметтік топ, Берлин Еуразиялық Клубы, сондай-ақ екі елдің Сыртқы істер министрліктері деңгейінде жыл сайынғы саяси консультациялар көмектеседі.
Қазақстан мен Германияны бөліп тұрған мыңдаған шақырым екі халықтың жақындасуына еш кедергі келтірмейді. Азияның қақ ортасынан Еуропаның қақ ортасына дейінгі «тірі көпірді» Қазақстандағы 180 мыңға жуық этникалық немістер мен 1 миллионнан астам қоныс аударушылар – Қазақстанның бұрынғы азаматтары, сондай-ақ Германиядағы қазақ диаспорасы құрайды.
«Возрождение» қазақстандық немістер қауымдастығы» қоғамдық қоры, Германиядағы қазақстандықтардың «Мирас» және «Qazan» қауымдастықтары, Неміс-Қазақстан қоғамы халықтарымыздың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрлерін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге шақырады.
Заманауи Қазақстанды кең жұртшылыққа таныстыру үшін 2009 жылғы Германиядағы Қазақстан жылының және 2010 жылғы Қазақстандағы Германия жылының аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Екі мемлекетте студенттер, жас ғалымдар мен этностар арасында қазақ және неміс тілдерін кеңінен насихаттауға, сондай-ақ Алматыдағы Қазақ-Герман университеті, Гёте институты сияқты оқу орындары арқылы және «Болашақ» пен ДААД халықаралық стипендиялық бағдарламалары аясында академиялық алмасуды ілгерілетуге айтарлықтай күш салуда.
Мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, қазақ және неміс тілдерін дамыту, екі елдің этностарына қолдау көрсету мәселелері тұрақты түрде Мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссия мен Қазақстанда тұратын этникалық немістердің мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында талқыланады.
Осы жылдар ішінде Алматыдағы Мемлекеттік академиялық неміс драма театры, сондай-ақ Қазақстан Елшілігінің «Қазақ кітапханасы» жобасы мәдени алмасуға елеулі үлес қосты, соның арқасында қазақ әдебиетінің жауһарларының неміс тіліне аударылған 26 кітабы жарық көрді. Қазақстандық фильмдер жыл сайынғы «Berlinale» және «GoEast» кинофестивалдерінің тұрақты қатысушылары және жеңімпаздары болып табылады. Осылайша, дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығында үш қазақстандық фильм Қазақстанның заманауи киносымен таныстыратын болады.
Қазақстан 57 елдің, соның ішінде Германия Федеративтік Республикасының азаматтары үшін біржақты тәртіпте енгізген визасыз режим адамдар арасындағы және іскерлік байланыстардың кеңеюіне ықпал етеді, сондай-ақ шетелдік азаматтардың еліміздің ғажайып жерлерін баруына бюрократиялық қиындықтарсыз мүмкіндік береді.