ТМД Парламентаралық Ассамблеясымен келісім

7645

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы кеңесінің хатшылығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Білім ордасында Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі хатшылығының өкілдерімен кездесуі өтті, оның нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Делегация өкілдерін қарсы алған университет басшысы еліміздің жетекші оқу орнының жетістіктеріне тоқталып, халықаралық байланыстарды дамытуға және ТМД Парламентаралық Ассамблеясымен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. «Біз университетіміздің QS World University Rankings рейтингінде айтарлықтай жоғары позицияны – 175-орынды иеленгенін және QS Stars Rating халықаралық рейтингінде үздік «Бес жұлдызды» алған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз университет екенін мақтан тұтамыз. Университет 650-ден астам білім беру бағдарламасын жүзеге асырады, оның ішінде 120-сы АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Ресей Федерациясы университеттерімен бірлескен қосдипломдық бағдарламалар. Университетіміздің ғылыми-зерттеу әлеуеті зор», – деді ректор. «Біз халықаралық байланыстарды кеңейтуге, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесінің хатшылығымен бірлескен перспективалық жобаларды жүзеге асыруға және ынтымақтастыққа мүдделіміз».

Өз кезегінде Бас хатшы – ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі хатшылығының меңгерушісі Дмитрий Кобицкий ықпалды ұйымның қызметін қысқаша баяндап берді. «Мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы көптеген мәселелермен айналысады. Бірінші және ең маңыздысы – модельдік заң шығару, соның негізінде ТМД елдерінің заңдары әзірленеді. Достастық елдері жастары үшін де маңызды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Біз бұл бағытта да ынтымақтастық жасай алатынымызға сенімдімін», – деді Бас хатшы.

Кездесу соңында қол қойылған келісім негізінде тараптар үлгі заңнамалық актілерді әзірлеу, бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, симпозиумдар мен семинарлар өткізу, ортақ ғылыми жобаларды қолға алу сынды өзара тиімді іс-қимылдарды жүзеге асыратын болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -