Иран Қазақстан экономикасына $200 млн астам инвестиция салуға дайын

745

Мемлекет Басшысының Иран Ислам Республикасына сапары шеңберінде 2022 жылғы 19 маусымында Тегеран қаласында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен ҚР ИИР-дағы Елшілігі, сондай-ақ «Иран сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауылшаруашылық палатасы» ұйымдастырған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен инвестициялық бизнес-форум өтті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

«Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың инвестициялық және сауда-экономикалық көрсеткіштері бүгінде одан әрі дамуға үлкен әлеуетке ие», - деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов. Пандемия мен санкцияларға байланысты өзара сауда көлемі айтарлықтай төмендеді, бірақ 2021 жылдан бастап оң динамика байқалады. 2022 жылғы қаңтар-сәуірде тауар айналымы 2020 жылғы көрсеткіштерден асып түсті ($238 млн) және оның одан әрі ұлғаюы күтілуде.

Форум барысында ирандық кәсіпкерлер Қазақстанның инвестициялық және сауда әлеуетімен танысып, іскерлік байланыстар орнатты. Иран компаниялары ауыл шаруашылығы индустриясында, тау-кен өнеркәсібі кешені саласындағы жобаларда, мұнай және газ-химия салаларында ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. Екіжақты ынтымақтастықты тереңдету алаңында шамамен 150 ирандық және қазақстандық бизнесмендер болып, $200 млн астам сомаға 12 құжатқа қол қойды, атап айтқанда, түсті металдар мен полиэтилен өнімдері саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаласты. Қазақстандық бидай мен басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын Иран аумағы арқылы транзиттеу туралы Меморандумға қол қойылды.

Форумда сөз сөйлеген ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеттің төрағасы Ардақ Зебешев Қазақстанға инвестициялаудың артықшылықтарын таныстырып, Иран өңірдегі негізгі серіктестердің бірі болып табылатынын және екі тарапта аталған бағыттардағы қатынастарды одан әрі дамытуға жоғары мүдделі екенін атап өтті.

Дипломатиялық қатынастар орнатылған күннен бастап Қазақстан экономикасына $140 миллионнан астам Иран инвестициясы тартылды. Бұл ретте, ТШИ бойынша 2021 жылғы көрсеткіштер ($26,2 млн) "пандемиялық" 2020 жылдан ($4,3 млн) әлдеқайда жоғары.

«Қазақстан Орталық Азия өңірінде бизнес жүргізу үшін ең жақсы орын болып қала береді, ал тікелей шетелдік инвестициялар біздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарымызды толықтырып, дамытуды жалғастыруда. Үкімет Қазақстанның орасан зор табиғи байлығын пайдалану және озық технологиялар мен мол тәжірибенің арқасында жергілікті әлеуетті дамыту үшін ірі әлемдік компаниялармен белсенді ынтымақтастық жасайды», - деп атап өтті Ардақ Зебешев.

Бірлескен жобаларды іске асыруға қолдау ретінде Қазақстан ирандық компанияларға еркін экономикалық және индустриялық аймақтардағы алаңдарды ұсынуға дайын. Сондай-ақ, Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Түркия жаңа бағыты бойынша іске қосылған жүк пойызы жаңа логистикалық шешіммен ерекшеленеді. Бұл бағыт жүк жөнелтушілер үшін, ең алдымен, жеткізу мерзімімен тартымды. Каспий теңізі арқылы өтетін балама маршрутпен салыстырғанда, пойыз небәрі 12 күнде 6300 км-ден астам қашықтықты жүріп өтеді.

Қазақстан Иран азаматтары үшін 14 күн мерзімге визасыз режим енгізуде.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -