ҚазҰУ-да Horizon Europe бағдарламасының үйлестірушілерімен кездесу өтті

18656

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Horizon Europe бағдарламасының үйлестірушілері арнайы келді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Қонақтарды қарсы алған Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Хайдар Тасыбеков ҚазҰУ-дың әлемдік QS рейтингінде 150-орынға көтерілгенін, жақында Үкімет қаулысымен зерттеу университеті мәртебесін алғанын ерекше атап өтті.

Бүгінде ҚазҰУ әлемдегі 500-ден аса ірі халықаралық ЖОО-мен тұрақты әріптестік орнатқан. Сонымен қатар университет Еуроодақтың «Горизонт Европа» ғылым мен инновацияға инвестициялаудың шеңберлік бағдарламасымен тығыз байланыс орнатқан.

Қазіргі уақытта «Горизонт Европа» бағдарламасының ғылыми бастамалары әлемдік ғылыми кеңістікте инновацияларды дамыту бойынша маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Бағдарлама климаттың өзгеру проблемасына, БҰҰ қалыптастырған тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолдарына ерекше назар аударады.

«Горизонт Европа» бағдарламасының арқасында және басқа елдердегі әріптестеріміздің көмегімен біз ғылыми зерттеулерімізді тиімді жалғастырып келеміз. Біз ғалымдарымыз бен студенттерімізді қолдауды ынталандыруымыз керек. Басты мақсат – білім, ғылым сапасын арттырып, ынтымақтастықты дамыту» Хайдар Тасыбеков

Кездесуде ғылым және инновациялар бойынша Еуроодақтың шеңберлік бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Камила Мағзиева Horizon Europe бағдарламасына қатысу жобасының таныстырылымын өткізді.

Жиын соңында қонақтар жоғары оқу орны басшылығына ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен ғылым жолындағы әріптестікті одан әрі нығайтып, жалғастыра беруге ынталы екенін жеткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -