Қазақстан – Қытай дипломатиясының 30 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті

1426

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты мерейтойлық кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Арнайы мерейтойлық басылымда 1992-2022 жылдардағы екіжақты қатынастар зерттелген. Онда ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Казахстанская правда» газеті редакциясының мұрағат материалдарының негізінде бірегей анықтамалық деректер, аса маңызды ресми құжаттар, сирек фотосуреттер жиналып, 30 жыл ішінде қол қойылған қолданыстағы келісімдер мен шарттардың тізімі жасалынды.

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытайды зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Тұсаукесерге Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының өкілдері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан және Қытай Сыртқы істер министрліктері, аналитикалық құрылымдар өкілдері, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамы қатысты.

Мерейтойлық іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі Әсел Уәлиева ашты. Іс-шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтай отырып, проректор:

«Қазақстанда қытайтану қарқынды дамып келеді, ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қытайтанушылардың жаңа буынын дайындауда ерекше рөл атқарады. Біздің университеттің шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасында үш дәрежелі мамандар – бакалаврлар, магистранттар мен докторанттар (PhD) даярланады. Университетте Қазіргі Қытайды зерттеу орталығы жұмыс істейді, сонымен қатар Конфуций институты белсенді жұмыс істейді. Қазақстан мен Қытай арасындағы қазіргі заманғы дипломатиялық қатынастар, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстар, сондай-ақ басқа да көптеген өзекті мәселелер ғылыми-теориялық тұрғыдан ауқымды зерттеулерді талап етеді» Әсел Уәлиева

Іс-шарада Қазақстанның ҚХР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев сөз сөйледі.

«Бұл кітапта екі тарап қол қойған құжаттардың бұрын жарияланбаған толық тізімі, сондай-ақ негізгі стратегиялық құжаттардың мәтіндері бар. Соңғы 30 жылдағы мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлардың қоғам мен екіжақты қатынастарды зерттеушілер үшін қызықты тарихы ұсынылды. Қытай – еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 2021 жылы екіжақты тауар айналымы 18,2 млрд АҚШ долларын құрады. Статистикаға сәйкес, ағымдағы жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 26 пайызға артып,15,4 млрд АҚШ долларына жетті. Яғни жыл соңына қарай екіжақты тауар айналымы жаңа жоғары деңгейге шығуы ықтимал» Шахрат Нұрышев

Өз сөзінде Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы Чжан Сяо бірегей басылым авторларының еңбегін жоғары бағалады.

«Кітап оқырманға негізгі оқиғалардың панорамасын көрсетеді, онда екі ел көшбасшыларының қарым-қатынасы толық бейнеленген, өйткені олардың арасындағы қарым-қатынас біздегі байланыстың қалыптасуы мен дамуында шешуші рөл атқарды. Кітап терең талдаумен, беделді бағалаулармен, жан-жақты мұрағаттық деректермен және эксклюзивті фотосуреттермен ерекше. ҚР мен ҚХР арасындағы қарым-қатынастардың мерейтойы бұл өткен жолға көз жүгіртуге, кейбір тұжырымдарды жасауға және болашаққа жоспар құруға жақсы себеп болып табылады. Ағымдағы жылдың ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңдегі қысқы олимпиада ойындарының ашылуына қатысу аясында пандемиядан кейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен алғашқы кездесу өткізді, осыдан бір ай бұрын ҚХР төрағасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен барды. Бұл екіжылдық үзілістен кейінгі бірінші шетелдік тур болатын. Бұл оқиғалар Қазақстан мен ҚХР дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығына арналған жарқын беттерге айналды» Чжан Сяо

Тұсаукесерде кітаптың авторлық ұжымының өкілі Тимур Шаймергенов сөз сөйлеп, өз пікірін білдірді: «Тұсауы кесілген мерейтойлық басылымның өзі біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың 30 жыл бойы өзара тиімді ынтымақтастығының көрінісі болып табылады. Кітап Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі мен ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігінің Қытайды зерттеу жөніндегі қазақстандық орталықтың көмегімен тығыз және нәтижелі шығармашылық жұмыс істелуіне орай дүниеге келді».

Жиын соңында кітаптар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қорына, ҚР Сыртқы істер министрлігінің оңтүстік астанадағы өкілдігіне және ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулдығына табыс етілді.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -