Пенсильвания университетінің профессоры дәріс оқыды – ҚазҰУ

1039

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы Пенсильвания штаты университеті Құқық мектебінің деканы Стивен Барнспен кездесті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Жүздесуде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнының жетістіктерімен таныстырып, АҚШ жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық барысына тоқталды.

«Бүгінгі таңда ҚазҰУ АҚШ-тың түрлі саладағы академиялық мекемелерімен белсенді байланыс орнатқан. Қазірге дейін Мичиган, Вайоминг, Скрэнтон, Техас сынды 10-нан астам жетекші университет, институт, ғылыми орталықтармен келісімге қол қойылды. Оның аясында түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар табысты жүзеге асырылуда» Дей келе, ректор ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің PhD докторы Пенсильвания штаты университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткенін атап өтті

Сонымен қатар ЖОО басшысы халықаралық құқық маманына алдағы жылы университет білімгерлеріне екі апта бойы дәріс оқуға келіскені үшін алғыс білдіріп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша нақты ұсыныстар білдірді.

Өз кезегінде Стивен Барнс америкалық білім ордасының жұмысы жайлы әңгімеледі. Пенсильвания штаты университеті құрамындағы құқық колледжінің тарихы тереңнен бастау алады және АҚШ-тың News & World Report рейтингіне сәйкес, Америкалық адвокаттар қауымдастығы толық аккредиттелген 194 заң мектебінің ішінде 60-орында. Шетелдік профессор өз сөзінде академиялық ұтқырлық және ықпалдастықтың өзге де бағыттары бойынша әріптестікке дайын екенін жеткізді.

Нәтижесінде екі ҚазҰУ студентін АҚШ университетінде тегін бір семестр бойы оқыту және ақылы негізде оқуға ниет білдірген жастарға жеңілдік жасау, университет оқытушылары мен докторанттарын тәжірибе алмасуға шақыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесуден соң құрметті қонақ университеттің оқытушы-профессорлары және білім алушылары алдында «АҚШ Конституциясына сәйкес, биліктің бөліну қағидасы» тақырыбында дәріс оқыды.

Профессор алдымен АҚШ Конституциясына дейінгі елде орын алған алғышарттарға қысқаша тоқталды.

«Мемлекетті басқару мәселесі Америка революциясынан соң басты сұраққа айналды және Конституция қалыптасу үшін ондаған жылдар қажет болды. Бүгінгі АҚШ Конституциясы «биліктің бөлінісі» принципіне негізделген: заң шығару билігі парламентке, атқару билігі президентке, сот билігі жоғары сотқа берілген. Олардың әрқайсының өкілеттілігі нақты айқындалып көрсетілген. Алайда АҚШ штаттарының әрқайсысының өз Конституциялары бар» Стивен Барнс

Сондай-ақ дәрісте АҚШ Конституциясын жазған алғашқы авторлар жайлы мағлұмат беріліп, олар сүйенген негізгі қағидалар, кейінгі жылдары орын алған өзгерістер мен түзетулер барысы түсіндірілді. Бұдан бөлек, АҚШ Конституциясының өзге мемлекеттер заңынан ерекшеліктері де талданды.

Кездесу соңында мейман студенттер сауалына жауап беріп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -