Қазақстан табиғатты қорғау бойынша БҰҰ көтерген 10 бастаманың біріне кіреді. Далалық және шөлейтті экожүйелерді сақтау және ақбөкен популяциясын қалпына келтіру бойынша «Алтын Дала» жобасы үшін біздің еліміз сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түріне қамқорлық жасауда үлгі болатын мемлекет ретінде танылды.
«Алтын Дала» экологиялық бастамасы (АДТБ) осыдан 16 жылдан астам бұрын, браконьерлік салдарынан Қазақстанда дала ақбөкендері жойылып кетудің алдында тұрған кезде басталды, сол кезде бұл жануарлардың саны бар болғаны 50 мың болған. Қазақстанның далалары ақбөкендер мекен ететін ең үлкен жерлердің бірі, елімізде дүние жүзіндегі ақбөкен популяциясының 90%-ы шоғырланған. ҚР-дағы барлық ақбөкендер мекендеу ортасына қарай шартты түрде үш популяцияға бөлінеді. Ең көп Орал популяциясы Батыс Қазақстанда және Ресейге де кіріп тұрады. Бетпақдала популяциясы Орталық Қазақстанда, Үстірт популяциясы Үстірт аумағын және Өзбекстанды мекен етеді. Моңғолияда да аздаған ақбөкен бар.
Негізгі жұмыс екі бағытта жүргізілді: үкіметтік емес ұйымдардың экологтары, БҰҰ ДБ, АДТБ өз тарапынан ақбөкендер мекендейтін 5 млн гектарға жуық жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар деп тану бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Жұмыстың екінші, қауіпті бағыты — бұл сирек кездесетін жойылып бара жатқан жануарларды браконьерлерден қорғау. Оны аумақтық инспекциялар мен «„Охотзоопром“ ӨБ» РМК инспекторлары жүргізеді. Бұл жұмыстың нәтижесі тек ақбөкен аулаушыларды ұстау деректері арқылы ғана емес, сонымен қатар ақбөкен санының өсімінен де байқалады.
«Экология және табиғи ресурстар министрлігі (ЭТРМ) Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қызметкерлерінің, „«Охотзоопром» ӨБ“ мамандарының, аумақтық инспекциялардың орасан зор еңбегінің және ақбөкендерді қорғау бойынша қабылдаған барлық шаралар мен белсенді насихат жұмыстары ақбөкен санын көбейтіп қана қоймай, 2022 жылы тарихи максимум — 1,3 млн-ға жетті» Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының (АСБК) мамандары
«Охотзоопром» инспекторларының жұмысының күрделілігі мен қауіптілігі осыдан үш жыл бұрын Қарағанды және Ақмола облыстарында болған қайғылы оқиғалардан кейін қызу талқыланды. 2019 жылдың қаңтарында киіктерді ұстау әрекеті кезінде браконьерлер мемлекеттік инспектор Ерлан Нұрғалиевті өлтіріп, оның әріптесі Петр Ницыкты жаралады. Сол жылдың шілде айында Ақмола облысында да осындай оқиға орын алған болатын. РМК қызметкерлері ізіне түскен қылмыскерлер инспекторларға оқ жаудырған. Екі қорықшы — Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов жараланып, біреуі қаза тапты. Ақбөкендерді өмірі мен денсаулығын құрбан еткен инспекторларға адалдығы үшін мемлекеттік наградалар табыс етілді.
Бұл қайғылы жағдайлар киіктерді заңсыз аулағаны үшін жазаны күшейтуге негіз болды. Айтпақшы, екі жағдайда да қылмыскерлер ұсталды. Аңшы Нұрғалиевті өлтіргені және Ницыкты жаралағаны үшін үш браконьер өмір бойына бас бостандығынан айырылды, ал іс бойынша тағы төрт айыпталушы заңсыз аң аулағаны үшін алты жылға сотталды. Екінші жағдайда сотталушы 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әдетте, ақбөкен аулаған қылмыскерлер ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабының бірі бойынша сотталады: «Заңсыз аң аулау» (337-бап) және «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе туындыларымен заңсыз айналысу» (339-бап). Бұл заң бұзушылықтар экологиялық қылмыс болып саналады. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, соңғы бірнеше жылда мұндай қылмыстық істердің жалпы саны 42,6% азайған. Егер 2017 жылы 434 құқық бұзушылық тіркелсе, былтыр жыл соңында 249 болды. Браконьерлерге қатысты қылмыстық істердің саны төрттен бір есеге — 135-тен 101-ге қысқарды. Сирек кездесетін жануарлар немесе өсімдіктердің бөліктерін сататындарға қатысты қылмыстық істер саны 50,5%, 299-дан 148-ге төмендеді.
Биыл қазақстандық инспекторлардың дала ақбөкендерін аулайтын браконьерлерді анықтау бойынша белсенді жұмысы ақбөкенді сақтау жөніндегі халықаралық альянстың сарапшылары тарапынан да атап өтілді. Осы жануарды сақтаудағы ерекше жетістіктері үшін байқауда номинациялардың бірін қазақстандық, «„Охотзоопром“ ӨБ» РМК Батыс аймақтық филиалының басшысы Арман Құжахметов алды. Соңғы үш жарым жылда филиал тобы 85 экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Халықаралық ұйым мынаны мойындады: заңсыз аңшылықтың жолын кесудің арқасында Қазақстандағы Орал ақбөкенінің популяциясы жақсы өсуде.
Еліміздегі киіктердің саны туралы мәселеге қайта оралайық. БҰҰ табиғатты қорғауда Қазақстанды ерекше атап өткенде ақбөкен саны 1,3 млн болған. Ал биылғы көктемгі әуе санағы нәтижелері бойынша сәуір айының соңында Қазақстандағы ақбөкен популяциясы 1,9 млн-ға жетті. «„Охотзоопром“ ӨБ» РМК дерегінше, Орал популяциясы әлі де ең көп: 1,1 млн. Бетпақдала популяциясы: 745,3 мың. Үстірт ақбөкендерінің саны: 39,7 мың бас. ЭТРМ болжамынша, биыл жыл соңында көктемгі төлдеуді есепке алғанда ақбөкеннің жалпы саны 2,6 млн басқа дейін өседі.
Соңғы бірнеше жыл ішінде бұл сирек кездесетін жануарлар популяциясының өсуі өте қарқынды болды. 2017–2023 жылдар аралығында 12,6 есе өсті. Жылдық өсім 41%–56% аралығында сақталды.
Ақбөкен популяциясын сақтау және көбейту арқылы Қазақстан БҰҰ-ның биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосты (№ 15 мақсат, «Жердегі экожүйелерді қорғау және қалпына келтіру»).
Қазір ҚР көбейіп келе жатқан ақбөкен популяциясын тиімді реттеу мәселесін шешуде. Түрлі нұсқалар қарастырылуда: ішінара жою, ішінара қолға үйрету және т. б. Ақбөкендердің санын барынша экологиялық реттеу мәселесі бойынша соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Мәселе озық әлемдік тәжірибе мен БҰҰ ұсынымдарын ескере отырып шешілуі тиіс.
Ақбөкенді сақтаудың табысты тəжірибесін басқа сирек кездесетін жəне Қызыл кітапқа енген жануарлар түрлеріне — мысалы, арқар, қарақұйрық т. б. жануарларға қатысты да пайдалануға болар еді.