Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында «Архивтер және электронды құжаттар: қазіргі талаптар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Қаһарманұлы Бораш және еліміздегі мемлекеттік архив саласының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Халықаралық жиында ҚР Ұлттық архивінің директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы «Архивті цифрландыру: дамудың жаңа траекториясы» тақырыбында баяндама жасап, аталған тақырып бойынша жан-жақты мәселелерді талқылады.
Конференция аясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің мемлекеттік мұрағат қызметтері басшыларының XIX Консультативтік кеңес отырысы өтті.
Делегация басшылары ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі архив ісінің жай-күйі, оның ішінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер мен ақпараттық жүйелер, электронды архивтік қызметтерді енгізу, халықаралық ынтымақтастық және мұрағат саласын материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелерін талқылады.
Кеңес ТМД елдеріндегі архив саласының өзекті мәселелерін бірлесе қарастырып, олардың шешу тетіктерін әзірлеу үшін құрылған салалық ынтымақтастық алаңы болып табылады.
Айта кетейік, былтыр ТМД-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік мұрағат қызметтері басшыларының Консультативтік кеңесінің 18-ші отырысы Қазақстанда өткен болатын. Басқосуға 8 мемлекеттің архив саласының басшылары қатысып, саланың жай-күйі туралы мәселелерді кеңесіп, тиімді шешімдер қабылдады.