Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына биылғы мамыр айында жасаған мемлекеттік сапары аясында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ҚазҰУ-да ашу жөнінде келісімге қол қойылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аталған келісімді жүзеге асыру мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев 8 қыркүйек күні Солтүстік-батыс политехникалық университетінің вице-президенті Чжен Цзяньюмен кездесіп, филиал ашу жөніндегі мәселелерді талқылаған болатын.
Бүгін оқу ордасына Солтүстік-батыс политехникалық университеті Халықаралық ынтымақтастық және алмасу департаментінің директоры Чжан Фули бастаған делегация арнайы жұмыс сапарымен келіп, филиал орналасатын ғимараттарды аралап көрді.
Кейін құрметті меймандар Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаевамен кездесу өткізіп, филиал ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша өзара пікір алмасты.
Кездесу барысында Ләззат Еркінбаева: «Біз өз тарапымыздан атқарылатын жұмыстарды жүргізудеміз. Филиал орналасатын ғимаратты анықтап, аудиторияларды дайындап, оқытушы-профессорлар құрамы отыратын кафедраны жасақтауымыз қажет. Аталған жұмыстарды жеделдетіп жүзеге асыру керек», – деді проректор.
Өз кезегінде Чжан Фули Солтүстік-батыс политехникалық университетінде филиал ашуды жеделдету бойынша жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті.