Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Түркияға жұмыс сапары барысында Ыстамбұл университетінің ректоры Осман Бүлент Зүлфикармен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тараптар серіктестікті дамыту және алдағы уақытта ортақ конференциялар мен симпозиумдар өткізу бойынша өзара пікір алмасты.
Жүздесуде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Түркия жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық күн санап артып келе жатқанына тоқталды.
«2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жасаған ресми сапары аясында ҚазҰУ-дың филиалы Ыстамбұлда ашылған болатын. Оқу ордасында Түркия елімен бірлескен түрлі халықаралық конференциялар, кездесулер және дөңгелек үстел отырыстары өткізіліп келеді. ҚазҰУ-да Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл көшбасшылық дәріс оқыды. Сонымен қатар бүгінде Түркияның 50-ге жуық жетекші жоғары оқу орнымен әріптестік жолға қойылған. Мұндай ынтымақтастық нәтижелері бауырлас елдердің ғылымы мен білімін дамытуға сеп болады деп ойлаймын. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады» Жансейіт Түймебаев
Кездесуде Ыстамбұл университетінің ректоры Осман Бүлент Зүлфикар екі университет арасындағы серіктестікті одан әрі арттыруға ниетті екенін жеткізіп, барлық бастамалар мен жобаларды қолдайтынын баса айтты.
Айта кетейік Түркияда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ыстамбұл университеті Фараби-Еуразия ғылыми орталығының ұйымдастыруымен еліміздегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай «Кемел Тоқаев – қоғам қайраткері, көрнекті жазушы, белгілі журналист» атты халықаралық конференция өткен болатын.