Үш елдің Төтенше жағдайлар саласындағы тиімді ынтымақтастығы: ТЖМ отырысының негізгі қорытындылары

7953
Фотосурет: ҚР ТЖМ

2023 жылғы 11 қазанда Беларусь Республикасының Гродно қаласында Қазақстан, Беларусь және Ресей ТЖМ бірлескен алқасының оныншы отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz. 

Отырыстың негізгі міндеттері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі үш елдің мемлекеттік билік органдарының нормативтік құқықтық актілері мен шешімдерін іске асыру мәселелерінде үйлестіру мен тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету болып табылады.

Іс-шараға Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Вадим Синявский, Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс істері, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрі Александр Куренков, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов, сондай-ақ Беларусь, Қазақстан және Ресей ТЖМ делегациялары қатысты.

Отырыс барысында келесі жылға арналған жұмыстың басым бағыттары айқындалып, бірлескен алқа отырысының қорытынды хаттамасына және 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына қол қойылды. Осыған сәйкес келесі жылы үш елдің құтқарушылары кәсіптік даярлықты жетілдіруге бағытталған бірқатар практикалық іс-шаралар өткізеді, оның ішінде пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану тәжірибесімен алмасу, көп қабатты ғимараттарда, адамдар көп жиналатын объектілерде және жарылғыш заттарды өндіру және сақтау кәсіпорындарында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша семинарлар жоспарланған.

Іс-шара аясында делегациялар азаматтық қорғау университетін, қауіпсіздік білім беру орталығын, ТЖМ Гродно облыстық басқармасының өрт сөндіру қызметінің мұражайын, Лицензияланатын қызмет түрлерін сертификаттау және сараптау орталығын аралады, сондай-ақ Біліктілікті арттыру институтының, Ұлттық ғылым академиясы Геофизиялық мониторинг орталығының және Белгидрометтің қызметімен танысты.

Үш елдің бірлескен алқа отырыстарын өткізу өзара іс-қимылды дамытуға, ведомстволар арасында тәжірибе алмасуға, нормативтік құқықтық базаны нығайтуға және кадрларды даярлау деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Бірлескен үшжақты алқаның келесі отырысы 2024 жылы Қазақстан Республикасында өтеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -