Анестезиологтардың IV съезі: кәсіби форум және мамандарды шоғырландыру

6699
Фотосурет: pediatria.kz

Алматыда Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

12-14 қазан күндері аралығында Алматыда Дүниежүзілік анестезиолог күні аясында Қазақстанның анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезі өтті.

Бес жылда бір өтететін жиынға биыл Қытай, Америка, Жапония, Германия, Грузия, Түрік елі, Өзбекстан және өз еліміздің әр өңірінен келген 700-ден аса анестезиологтар мен реаниматологтар, ғылыми орталықтардың, ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелерінің, облыстық, қалалық және өңірлік медициналық мекемелердің мамандары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты - ҚР халқына мамандандырылған медициналық көмекті жақсарту мақсатында анестезиологтар мен реаниматологтардың және сабақтас мамандықтардың басын қосу, 2018 жылы өткізілген III Съезден кейінгі кезеңдегі осы салада жинақталған мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдарын іздеу, дейді шара ұйымдастырушылары.

Съездің салтанатты ашылу Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің,  С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Марат Шорановтың, «Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы» РҚБ президенті, профессор Ерғали Миербековтың,  Дүниежүзілік анестезиологиялық қоғамдар Федерациясының (WFSA) Президенті Уэйн Морристің, сонымен қатар, «А.Н. Сызғанов ат. ҰҒХО» АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Баймахановтың, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасының клиникалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асылжан Ерекешовтың, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың құттықтау алғы сөзімен ашылды. Қонақтар барша съез қатысушыларын 16 қазан- анестезиолог-реаниматологтар күнімен құттықтап, жанның арашасысы, ауыр да жауапты қызмет иелері — анестезилог-реаниматолог мамандарының медицинада алар орнының ерекшелігін атап өтті. 

«Іс-шара Қазақстанның бүкіл анестезиологиялық қоғамдастығы өміріндегі айтулы оқиға болып табылады. Отандық медицинаны дамытуға, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бұл біздің ауыр жағдайдағы науқастарымызға көмектесуге қатысатын барлық мамандардың бірігуіне мүмкіндік береді. Осы саланың мамандары жиында тәжірибелерін байытып, жетекші сарапшылармен пікір алмасып, талқылауларға белсенді қатыса алады», дейді «Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы» РҚБ президенті Ерғали Миербеков.

Басқосуда анестезиология және реаниматология қызметінің ұйымдастыру мәселелері, педиатрия мен неонатологиядағы анестезиология және қарқынды ем мәселелері, жалпы педиатрия, нейрохирургия, травматология, онкология,  гинекологиядағы, сонымен қатар кардиоторакальды және тамырлы хирургиядағы, перфузиологиядағы және трансфузиологиядағы анестезиология мен қарқынды терапиялық ем мәселелері талқыланды. Съез ясында алғаш рет анестезиология және реаниматология саласында жұмыс істейтін мейіргерлер үшін арнайы секциялар өткізілді.

Қазақстанның анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезі барысында осы саланың Үздік мамандары анықталып, еліміздің анестезиология саласына көп жыл еңбек сіңірген 20-дан аса ардагер анестезиологтар мен реаниматологтар Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен денсаулығын сақтау ісіне қосқан үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін «Ардагер анестезиолог- реаниматолог» және «Үздік анестезиолог-реаниматолог»  төсбелгілерімен марапатталды. 

Басқосуда Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтарының  жаңа құрамы бекітіліп, съезд өз жұмысын арнайы резолюция қабылдаумен  аяқтады.

Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтарының IV съезін ұйымдастырушылар: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен "Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы" Республикалық қоғамдық бірлестігі,  "Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ" АҚ, "А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" және "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -