Қазақстан мен Қытай жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

11286

ҚазҰУ-да Қытайдың 44 университеті білім бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай университеттерінің көрмесі өтті. Шараны ҚазҰУ мен ҚХР стипендиялық кеңесі және Алматы қаласындағы ҚХР бас консулдығы ұйымдастырды.

Көрмеде Қытайдың 45-ке жуық ең үздік университеті академиялық қызметі туралы ақпарат беріп, ғылыми жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ білім алушы жастарға халықаралық бағдарламалар арқылы оқуға түсу мүмкіндіктерін таныстырып, қабылдау ережелерін түсіндірді.

Көрменің ашылуына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР ғылым және жоғары білім Вице-министрі Дархан Ахмет-Заки, Қытай стипендиялық кеңесі Бас хатшысының орынбасары Тьян Лулу, ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Цзян Вей, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Қытай және Қазақстан ЖОО-ларының басшылары мен білім алушы жастар қатысты.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, шараның табысты өтуіне тілектестік білдірді.

«Қазақстан мен Қытай мемлекетаралық тығыз қарым-қатынас пен халықаралық байланыстың жаңа деңгейіне қадам басты. Мемлекет басшысы ағымдағы жылы Қытайға екі рет ресми сапармен барып, бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Президент өз сөзінде атап өткендей, бүгінгі таңда екі ел арасында ынтымақтастықтың алтын 30 жылдығы басталды. Сауда-саттық, мұнай-газ, көлік-транзит және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастық артып жатыр. Соның ішінде ғылым және жоғары білім саласында бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда» Мәлік Отарбаев

Өз кезегінде Дархан Ахмет-Заки ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатта:

«Қазіргі таңда жоғары білім беру саласында Қытай мен Қазақстан серіктестігі тарихи мүмкіндіктерге, кең және келешегі зор жобаларға толы. Бүгінгі қара шаңырақ ҚазҰУ-да өтіп жатқан көрме осының айқын көрінісі. Ұйымдастырылған көрме ғылым мен білім беруді дамытуда да үлкен маңызға ие. Сондай-ақ қос мемлекет арасында студенттер алмасуға, тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік береді» Саясат Нұрбек

Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Қытай университеттері көрмесінің ҚазҰУ-да өтуі Қазақстанның білім, ғылым саласындағы елеулі оқиға екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда ҚазҰУ Қытайдың 51 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатып, тығыз жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында оқу ордасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Ағымдағы жылдың қазан айында аталған филиал ашылып, жұмысын бастады. Мақсат – ғылыми бағытта бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу, студент даярлау және оқытушылар алмасу. ҚазҰУ Қытай университеттерімен байланысты жандандыруға және нығайтуға бағытталған барлық жұмыстарды жалғастыра береді» Жансейіт Түймебаев

Шара барысында Стипендиялық кеңесі Бас хатшысының орынбасары Тьян Лулу Қытай ЖОО-ларының соңғы онжылдықтағы жетістіктерін таныстырды.

«Білім мен ғылым өркендесе, ел өркендейді. Соңғы жылдардағы көрсеткіш бойынша Қытай – жаратылыстану бағыты бойынша әлемде көшбасшы мемлекет. Сонымен қатар Қытай жоғары оқу орындарының сапасы мен білім беру әдістері бұрынғы нәтижелермен салыстырғанда едеуір жоғарылады. Шетелдік студенттерді тарту бойынша да Қытай алдыңғы орында тұр» Тьян Лулу

Көрменің ашылу салтанатында ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй:

«Көрме қазақ жастарына халықаралық бағдарламалар арқылы Қытай университеттеріне оқуға түсуге жол ашады деп санаймын. Биыл «Бір белдеу – бір жол» бастамасына 10 жыл толып отыр. Осы бағдарлама негізінде Қазақстан мен Қытай серіктестігі дамып, түрлі салаларда нәтижелі жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар Қытай университетінің филиалы Қазақстанда алғаш рет ашылуы және Қытай университеттерінің көрмесі тұңғыш рет Қазақстанда өтуі тарихи оқиға деп есептеймін» ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй

Жиын соңында қатысушылар көрмені аралап, Қытай мен Қазақстан делегациясы шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар серіктестікті нығайтуға, білім мен ғылым саласындағы байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, екі ел университеттері арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -