Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Сиань қаласындағы Цзяотун университетінде жұмыс сапарымен болып, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Филология ғылымының кандидаты, Халықаралық Еуразия телевизия және радио академиясының академигі Мәншүк Мұқашева және филология ғылымының кандидаты, доцент Орынтай Ошанова қытайлық әріптестерімен ортақ ғылыми бағыттар бойынша пікір алмасты.
Сапар барысында ғалымдар университеттің журналистика және жаңа медиа мектебінің ұстаздарымен кездесіп, студенттерге дәріс оқыды.
ҚазҰУ ғалымдары журналистика және жаңа медиа мектебінің басшыларымен кездесіп, болашақта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бакалавриат және магистратурада оқитын студенттермен, магистранттармен алмасу мәселелерін талқылады.
Тараптар сонымен қатар оқытушылар үшін ғылыми тағылымдамадан өтуге, ғылыми бағытта бірлесіп зерттеулер жүргізуге, ғылыми мақалалар, академиялық еңбектерді бірлесіп шығару мүмкіндіктерін пысықтады.
ҚазҰУ ғалымдарын арнайы шақырған Цзяотун университеті – Қытайдың рейтингі жоғары, элиталық жоғары оқу орындары ассоциациясына кіретін бірегей білім ордасы.