Ыстанбұлда Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Наурыз мейрамының қарсаңында Ыстанбұл қаласының ресми өкілдерімен бірлескен жиын өткізілді.
Аталған басқосуға Түркия Сыртқы Істер министрлігінің Ыстанбұл қаласындағы өкілдігінің басшысы Елші Айше Сөзен Услуер, Ыстанбұл қаласы губернатор орынбасары Өзлем Бозкурт Геврек, губернатор аппаратының жетекшісі Аслан Текташ, Түркі инвестициялар қорының президенті Бағдат Әмреев, Ыстанбұл көші-қон, денсаулық сақтау, жастар және спорт, мәдениет және туризм, білім беру басқармаларының басшылары қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру жолындағы реформалары туралы толық ақпарат беріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Үкімет алдына қойған мақсаттары мен міндеттемелері туралы баяндады.

Кең ауқымды диалогқа қатысқан Ыстанбұл қаласының ресми өкілдері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан іске асырылып жатқан табысты реформаларға жоғары баға беріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың түрлі бағыттарының дамуына мүдделі екендіктерін атап өтті.
Іс-шара соңында Бас консул Н. Аманкұл алдағы уақытта Ыстанбұл губернаторлығымен маңызды бастамаларды іске асыруды жоспарлап отырғандығына назар аударды.