Қазақстан мен Дүниежүзілік банк экономиканың негізгі секторларындағы инвестициялық жобалар мен ынтымақтастықты талқылады

3971
Фотосурет: Gov

ҚР СІМ-де Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

 Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Андрей Михневпен кездесті. Кездесуде Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы қызметінің перспективалары, сондай-ақ ынтымақтастықтың басымдықтары талқыланды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда экономиканың негізгі секторларында бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларына тоқталды.

Қ.Омаров Дүниежүзілік банкпен арадағы тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың оң қарқынына, сондай-ақ банктің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан құнды үлесіне назар аударды. Ол инклюзивті және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін Қазақстанда асырылып жатқан реформаларды қолдауға бағытталған банктің елімізбен іс-қимылы жалғасатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде, А.Михнев Дүниежүзілік банк Қазақстанның маңызды серіктесі және 4 миллиард АҚШ долларынан асатын 10 жобаны бірлесіп жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформаларды қолдау мақсатында бірқатар жаңа инфрақұрылымдық жобалар әзірленуде.

Жалпы, тараптар негізгі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге өзара мүдделілік танытты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -