Қаныш Сәтбаевтың геологиялық мұрасы: ЮНЕСКО ғалымның 125 жылдығын атап өтті

4532
Фотосурет: Gov

ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Халықаралық геологиялық әртүрлілік күні аясында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі Ұлыбритания, Польша және Португалиядан әріптестерімен бірлесіп Халықаралық геологиялық әртүрлілік күніне арналған іс-шараны ұйымдастырды.

Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен конференция геоәртүрлілікті тереңірек зерттеу және мойындау қажеттілігіне халықаралық қауымдастықтың назарын аудара отырып, оны орнықты дамудың маңызды аспектісі ретінде атап өтті.

Өз баяндамаларында бұл саладағы беделді сарапшылар геоәртүрліліктің әлемнің биологиялық және мәдени әртүрлілігін қалыптастырудағы рөліне, минералдар, су және ауыл шаруашылығына қажетті құнарлы топырақ сияқты адамзатқа қажетті табиғи ресурстарды қамтамасыз етудегі маңыздылығын жан жақты көрсете білді.

Геоәртүрлілікті таныту құралдарының бірі – ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер бағдарламасы. Бүгінгі таңда оның аясында әлемнің 48 елінде орналасқан 213 геопарк құрылған. Олар бірегей геологиялық ерекшеліктер мен ландшафттарды көрсетіп, қоғамдарымыздың дамуы үшін геоәртүрлілікті терең зерттеудің және оның маңыздылығын түсінудің қажеттілігін насихаттайды.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстанның әлемдегі аумағы бойынша тоғызыншы ел ретінде бай геологиялық мұраға ие екенін атап өтті.

«Қазақстанда ұлттық геопарктер желісін құру үшін зор әлеует бар, оны болашақта ғаламдық желіге қосуға болады» Асқар Абдрахманов

Елші өз баяндамасын Қазақстанның Бозжыра, Шарын, Бурабай, Алтын Емел, Аралқұм және басқа да экологиялық жауапты орнықты туризмді дамыту әлеуетін көрсететін бірегей нысандардың фотосуреттерімен сүйемелдеді.

А. Абдрахманов Қазақстан ғылымы мен экономикасының дамуына зерттеушілер мен геология саласындағы мамандардың қосатын үлесіне ерекше назар аударды. Осыған орай ол биыл 125 жылдығы аталып өтіп жатқан көрнекті қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевтың мұрасына ерекше тоқталды.

Елші Қ. Сәтбаевтың геология саласындағы тұңғыш кәсіби қазақ ғалымы және инженері ретінде еліміздің минералды ресурстарын зерттеуге зор үлес қосқанын, бүгінге дейін қолданылып келе жатқан оқу әдебиетінің авторы болғанын түсіндірді. Оның еңбектері Қазақстанда озық геологиялық ғылымның қалыптасуына және оның қуатты өнеркәсіптік базасын құруға айтарлықтай ықпал етті.

Қ. Сәтбаевтың еңбегін әлемге таныту үшін ЮНЕСКО-ның 29-шы Бас конференциясы ғалымның туғанына 100 жыл толуын Ұйымның 1999 жылға арналған атаулы мерейтойлар тізіміне енгізген болатын.

«Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы қазір де ғалымдар мен инженерлердің жаңа буындарын Қазақстандағы және әлемдегі геологиялық әртүрлілік пен бай табиғи ресурстарды терең зерттеуді жалғастыруға рух беріп тұруда» Асқар Абдрахманов

Осы атаулы күнге орай Елші ЮНЕСКО-ның Жаратылыстану ғылымдары жөніндегі бас директорының орынбасары Лидия Бритоға академиктің мерейтойына орай жақында баспадан жарық көрген қазақ және ағылшын тілдеріндегі көркем кітапты табыс етіп, еліміздің геологиялық мұраны сақтау саласында ұйыммен жемісті ынтымақтастықты дамытуға мүдделігігінде сендірді.

Іс-шара аясында ЮНЕСКО бас пәтерінде XX ғасыр сәулеті танымал ескерткіші болып табылатын ғимараттың бірегей геологиялық ерекшеліктерін көрсету мақсатында экскурсия ұйымдастырылды.

Халықаралық геоәртүрлілік күні жыл сайын 6 қазанда аталып өтеді. Оны 2021 жылы ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясы бекітті. Айтулы мейрамды үшінші рет атап өту халықаралық қауымдастыққа георесурстарды жауапты басқару және болашақ ұрпақ үшін геологиялық мұраны сақтау қажеттігін айшықтауға тимді мүмкіндік берді. Осы орайда климаттың өзгеруі мен табиғи ресурстардың сарқылуына байланысты геоәртүрліліктің құндылығын түсіну ғаламшардың тұрақты болашағы үшін өте маңызды болып табылатынын атап өткен жөн.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -