Қазақстан мен Үндістан әскери күштері терроризммен күрес тәжірибесімен алмасты

4653
Фотосурет: Gov

Үндістанда «ҚазҮнді-2024» бірлескен қазақстандық-үнділік оқу-жаттығуы аяқталды, оған Қазақстаннан Құрлық әскерлерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бірлескен оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде тау дайындығынан сабақтар өткізілді. Үндістанның «Сурья» полигоны тау кедергілерін еңсерудің әртүрлі элементтерін пысықтауға мүмкіндік берді. 

Парашютпен секіруде белгілі межеге дәл түсуді орындау міндеттерін ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің парашютшілер тобы орындады. Бұл құрамда парашютші-нұсқаушы ефрейтор Балжан Мұсатаева мен санитарлық нұсқаушы ефрейтор Маржан Сайранова да бар. Күрделі тау жағдайында қыздар межелі алаңға дәл секіріп түсуден жақсы нәтиже көрсетті.

Оқу-жаттығудың соңында терроризмге қарсы қауіпсіздік мәселелерін пысықтау кезінде екі ел әскери қызметшілері терроризмге қарсы күрестің неғұрлым өзекті әдістеріне назар аудара отырып, бір-бірінің осы бағыттағы жұмыс тәжірибесін көрді.  

Қазақстан контингентінің басшысы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері штабының бастығы полковник Нұрлан Кәрібаев бірлескен оқу-жаттығу жауынгерлік даярлықтың практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік бергенін атап өтті.

"Бірлескен сабақтар барысында бөлімшелердің әскери қызметшілері жауынгерлік дағдының жоғары деңгейін көрсетті. Жаттығу ерекше климаттық жағдайларда ну орманда 3800 метр биіктікте өтті. Біздің контингенттің жеке құрамы жауынгерлік машықтарын барынша көрсетті. Оқу мақсаттарына сай барлық міндеттер орындалды"  Полковник Н.Кәрібаев

Қазақстандық командирдің оқу-жаттығу жайлы түйінін Үнді контингентінің басшысы полковник Яогеш Упадхай қолдады.

"Оқу-жаттығу БҰҰ мандатының мақсаттарына сәйкес қазақстандық әскери қызметшілермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді, әріптестерге барынша күрделі, пайдалы және нәтижелі бірлескен жұмысы үшін алғыс айтқым келеді" Полковник Яогеш Упадхай

«Сурья» оқу-жаттығу орталығында бірлескен міндеттерді орындау әскери бөлімшелердің өзара іс-қимылын нығайтуға, жаңа тәжірибе алуға және дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -