Француз институты Қазақстанды әлемдік аренаның басты ойыншысы деп атады

13002
Фотосурет: Gov

Парижде Қазақстан туралы талдамалық баяндама шығарылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Францияның «Choiseul» геостратегиялық институты «Қазақстан: орта держава, қалыптасып жатқан алып ел» (“Kazakhstan: puissance moyenne, géant en devenir”) атты талдамалық баяндама шығарды. Авторлары институт президенті Паскаль Лоро және оның кеңесшісі Пьер Верлик.

Іс-шараға Қазақстан тарапынан Парижге жұмыс сапарымен келген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, ал француз тарапынан – Елисей сарайының, СІМ, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, компания басшылары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.

Іс-шара барысында авторлар баяндаманың негізгі мазмұнымен таныстырды. Атап айтқанда, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ретіндегі экономикалық дамуын, сондай-ақ Қазақстанның көпвекторлы саясаты мен халықаралық аренадағы рөлін талдайтын үш бөлімнен тұрады.

Баяндамада Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстырушы көпір ретіндегі стратегиялық маңызы, оның халықаралық саясат пен экономикадағы өсіп келе жатқан рөлі, сондай-ақ елдің жаһандық күн тәртібіне қосып жатқан қомақты үлесі ерекше аталып өтті.

Қазақстанның ЭЫДҰ-дың озық тәжірибелері мен стандарттарын имплементациялауға берік бейілділігіне және осы бағытта қол жеткізілген елеулі прогрессіне баса назар аударылады. Француз мамандарының пікірінше, бұл жетістік де еліміздің Орталық Азия өңіріндегі экономикалық дамудағы көшбасшылығын растайды.

«Choiseul» сарапшылары өз талдауларында Францияның Қазақстанмен стратегиялық әріптестік сипатына ие ынтымақтастығына ерекше көңіл бөледі. Олар француз бизнесін «жақын болашақта халықаралық деңгейде ықпалды алып елге айналуға қабілетті» елмен ынтымақтастықтың тың мүмкіндіктерін пайдалануға шақыруда.

Іс-шара соңында пікір алмасу өтті, оның барысында француз аудиториясы Қазақстанда инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларына, энергетикалық ауысу және жаңа технологияларды дамыту, жасанды интеллектті қоса алғанда цифрландыру мәселелеріне жоғары қызығушылық танытты. Сонымен қатар, бірқатар француз кәсіпорыны («Vicat», «Air Liquide» және т.б.) және «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Қазақстандағы сәтті жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстан туралы «Choiseul» аналитикалық баяндамасы саясаткерлер, іскерлер, зерттеушілерден бастап, Қазақстанның қазіргі әлемдегі рөлі мен геостратегиялық маңызын түсінуге ұмтылатын азаматтарға дейін оқырмандардың кең ауқымына арналған.

«Choiseul» халықаралық саясат және геоэкономика институты – халықаралық қатынастарды, экономикалық және саяси стратегияларды, сондай-ақ халықаралық мәдениеттерді талдаумен айналысатын тәуелсіз зерттеу орталығы. Ол тұрақты түрде Франция үшін стратегиялық қызығушылық тудыратын салалар немесе шетелдік серіктестер бойынша талдамалық баяндамалар шығарады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -