Қазақстан мен Өзбекстан өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуда

7876
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығы мәселелері Самарқандта талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

 Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасының Самарқанд облысына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Б.Атамқұлов Самарқанд облысының басшысы Эркинжон Турдимовпен кездесу өткізіп, тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, өзара сауда, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Қазақстан Елшісі Самарқанд қаласының даму қарқынына жоғары баға беріп, туристік инфрақұрылымның дамуын және туристерге қолайлы жағдайлардың жасалғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Б.Атамқұлов аймақтағы бірқатар өндірістік кәсіпорындарға барғаннан кейін өнеркәсіптің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және олардың экспорттық әлеуетін зерттеу қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Э.Турдимов туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі туралы айтып, осы бағыттағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.

Сондай-ақ тараптар 21-22 қазанда Самарқанд қаласында өтетін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелерін талқылап, өңірлер деңгейінде екіжақты қатынастарды нығайтуға дайын екендігін растады.

Сапар аясында Б.Атамқұлов Самарқанд мемлекеттік университетіне барып, университет ректоры Рустам Халмұрадовпен кездесті және студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының алдында сөз сөйледі.

Өз сөзінде Б.Атамқұлов Қазақстанда бүгінгі таңда болып жатқан саяси және экономикалық реформалар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауының негізгі аспектілері, сондай-ақ қазақ-өзбек қатынастардың қазіргі жағдайы мен іске асырылып жатқан бірлескен жобалар туралы айтып берді.

Елші, әсіресе, 6 қазанда Қазақстанда өткен АЭС салу туралы референдумға ерекше назар аударып, бұл шешімді Қазақстан халқының қолдағанын тыңдаушыларға хабарлады.

Самарқанд облысына сапары барысында Б.Атамқұлов «SAG Group» холдингіне қарасты кәсіпорындарға, соның ішінде «SAG Agro» ауыл шаруашылығы компаниясы мен «SamAntepGilam» кілем фабрикасына, «Agromir» өндірістік компаниясына, Самарқанд металлургия зауытына, сондай-ақ «Ургут» еркін экономикалық аймағының кәсіпорындарына барды.

Кәсіпорындардың басшыларымен өткен кездесулер барысында тараптар қазақстандық өндірушілермен одан әрі ынтымақтастық перспективаларын және өнімді Қазақстан нарығына экспорттау мүмкіндіктерін талқылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -