Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия сарапшылары Джакартада кездесті

3300
Фотосурет: Gov

Джакартада Орталық Азия зерттеулер орталығының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Индонезия ұлттық даму университетінде «Орталық және Оңтүстік Шығыс Азия арасындағы ынтымақтастық перспективалары: қазіргі халықаралық динамикадағы мүмкіндіктер мен қиындықтар» тақырыбына арналған Орталық Азия зерттеулер орталығының алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов, Индонезияның Қазақстандағы және Тәжікстандағы қоса атқарушы Елшісі Фаджроель Рахман, Индонезияның Өзбекстандағы және Қырғызстандағы қоса атқарушы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Юди, Индонезия Сыртқы істер министрлігі Стратегиялық агенттігінің Азия-Тынық мұхиты және Африка өңірлік саясат және стратегия орталығының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен академиялық қоғамдастық өкілдері қатысты.

С. Әбдікәрімов өз сөзінде Орталық және Оңтүстік Шығыс Азия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ол тікелей әуе рейстерін ашу, көлік және логистика инфрақұрылымын жетілдіру арқылы адам және іскерлік байланыстарын жандандыру, тауар айналымын арттыру және сауда маршруттарын дамыту қажеттілігін ерекше атап көрсетті. Елші сонымен қатар қос өңір халықтарының өзара түсіністігін тереңдету үшін білім және мәдени алмасудың маңыздылығына назар аудартып, Қазақстан-Индонезия сарапшылар кеңесін құруды жариялады. Бұл кеңес диалог және ынтымақтастық үшін маңызды аналитикалық платформа болатыны күтілуде.

Өз кезегінде Ф. Рахман екі өңір арасындағы тарихи байланыстарды атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен мүмкіндіктер бар екеніне сенім білдірді. Ол Индонезия мен Орталық Азия елдерінің өзара тиімді негізде мықты серіктестік құру үшін барлық жағдайлар бар екеніне сенімділік білдірді.

Индонезия СІМ Стратегиялық агенттігінің өкілі Орталық Азияның экономикалық және саяси өзара әрекеттесуді кеңейту үшін негізгі өңір ретіндегі маңыздылығын және стратегиялық мәнін айқындайтын презентация жасады. Орталық Азияның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік өзара байланысы және Шығыс пен Батыс арасындағы экономикалық дәліздер, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында бастамаларды ілгерілету жөніндегі маңызды рөлі аталып өтті.

Талқылауға қатысушылар инфрақұрылымдық жобалар бойынша ынтымақтастықты жандандыру, өңір елдерінің экономикалық әлеуетін тұрақты дамуға жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

Іс-шара соңында болашақтағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау барысында қатысушылар өңірлер арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайту жөніндегі пікірлері мен ұсыныстарымен бөлісті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -