Қазақстан мен Солтүстік Македония басшылары визалық режимді жеңілдетуге ниет білдірді

5247
Фотосурет: Akorda

Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысы Солтүстік Македонияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі ретінде атап өтіп, басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Гордана Силяновска-Давкова екіжақты байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, өзара ықпалдастықты жандандыруға мүмкіндік мол екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Солтүстік Македония Президенті Қазақстанның Орта держава ретінде халықаралық аренадағы рөліне жоғары баға берді.

Әңгімелесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту перспективасына, екі ел азаматтары үшін виза режимін оңтайландыру мәселесіне айрықша мән берілді. Тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македонияның іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Гордана Силяновска-Давкованы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -