Солтүстік Киву провинциясындағы Гома қаласының мектебінде БҰҰ бітімгерлері подполковник Алтынбек Жалмұханов пен майор Батыр Тұяқов мәдени-білім беру іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сабақ барысында әскери қызметшілер қақтығыстардың алдын алудағы халықаралық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Конгодағы БҰҰ бітімгерлерінің міндеттері, олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі туралы айтты.
Бітімгерлер балаларға Қазақстан және оның мәдени дәстүрлері туралы айтып, ағылшын тілі сабақтары мен командалық рухты дамытуға бағытталған ойындар өткізді.
– Біздің ел БҰҰ бітімгерлік миссияларына белсенді қатысып жатқанын мақтан тұтамыз. Балалар Қазақстанға қызығушылық танытып, тарихымыз бен мәдениетіміз туралы білді. Мұндай іс-шаралар халықтар арасындағы достықты нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті майор Батыр Тұяқов.
Жергілікті тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Іс-шара елдер арасындағы мәдениетаралық байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды қадам болды.