Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің дипломаттары аты аңызға айналған Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің өлмес ерлігін еске алу іс-шараларына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
1941 жылғы 16 қарашада Волоколамск түбіндегі Дубосеково өткелі мен Нелидово ауылы маңында генерал Иван Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгерлері мен Мәскеуге бет алған неміс танкілері колоннасы арасында қиян-кескі шайқас болды, нәтижесінде панфиловшылардың шебінен жау өте алмады.
Осы атаулы күнге орай өткен салтанатты митинг-концертте сөз алған Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің Кеңесші-елшісі Ерлан Шамишев Алматыда жасақталған көпұлтты дивизия жауынгерлерінің ерен ерлігін тағы бір еске алып, Волоколамск – әрбір қазақстандықтың жүрегінде екенін атап өтті, жергілікті билікке панфиловшылар ерлігі туралы естеліктің сақталғанына ризашылығын білдірді.
Өз тарапынан Волоколамск қалалық округінің басшысы Наталья Козлова панфиловшылардың ерлігін тарихтың өте маңызды парағы және халықтар достығының үлгісі деп атады. Ол қаңтар айында Панфиловтың туған күніне орай Волоколамск қаласында оның ескерткішін ашу, сондай-ақ қаланың орталық мектептерінің біріне генералдың есімін беру жоспарланғанын хабарлады.
Мәскеу Соборы мешітінің имамы Марат Аршабаев хазірет ұзақ жылдар бойы православиелік діни қызметкерлермен бірге қаза болған жауынгерлерді жерлеу рәсімдері және еске алу діни шаралары өткізіліп тұратынын айтты. «Бұл жерде панфиловшылар астананы қорғады. Біз Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін құрбан болған жауынгерлердің алдында басымызды иеміз. Біз олардың ерлігіне лайық болуымыз керек», – деді ол.
98 жастағы ардагер, Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы Владимир Бурцев үш рет жарақат алып, әр жолы өз дивизиясына қайта оралғанын еске алды. «Отанға осылай қызмет ету керек!» – деп сөзін аяқтады ол.
Митинг-концерттің соңында қатысушылар Панфилов батырларын бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін Дубосеководағы Панфилов батырларының мемориалына және Нелидово ауылындағы жауынгерлер жерленген бауырластар зиратына гүл шоқтары қойылды.