Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуге екі ел делегациялары қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мемлекет басшысы шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізгені, сондай-ақ Қазақстан тарапына қонақжайлық танытқаны үшін Александр Вучичке ризашылық білдірді.
Өз кезегінде Сербия Президенті Александр Вучич арнайы келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан бұл сапардың стратегиялық мәні зор екеніне тоқталды. Сонымен қатар аймақтағы және халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға негіз болатын өзара тиімді байланысты дамытудың маңызына назар аударды.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берді.
Президенттер екі ел арасындағы тауар айналымы өсімін жоғары бағалады. Осы орайда қазіргі әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай ынтымақтастықты жандандыра түсуді қажет ететінін атап өтті.
Тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады. Президенттердің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар.
Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын әртараптандыру және өзара байланысты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтылды.
Мемлекеттер басшылары білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сапар аясында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жан-жақты ықпал ететініне сенім білдірді.
Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті.
Қазақстан Президентінің Сербияға ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сербия Республикасының Білім министрлігі арасындағы білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Сербия Республикаcының Еңбек, жұмыспен қамту, ардагерлер ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Сербия Республикасының Туризм және жастар министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Сербия Республикасының Статистика басқармасы арасындағы өзара саудада статистикалық деректер алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
7. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Сербия Республикасының Ғылым, технологиялық даму және инновациялар министрлігі арасындағы ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Сербия Республикасының Ақпарат және телекоммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Сербия Республикасының Ұлттық кітапханасы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
10. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Сербия Республикасының Халықаралық саясат және экономика институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.