Ирандық депутаттар Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Ислам Мәжілісі Кеңесінің депутаты, Қазақстан-Иран парламенттік достық тобының жетекшісі Манучхер Моттакимен және аталған топтың мүшелерімен кездесті.
Кездесуде екі елдің арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты, парламентаралық қатынастарды одан әрі нығайту, екіжақты және көпжақты халықаралық құжаттарды ратификациялау және т.б. мәселелер талқыланды.
О. Оңалбаев ирандық депутаттарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалармен, ҚР Парламентінің жүйесі мен атқаратын рөлімен, елдегі инвестициялық ахуалмен таныстырды.
Өз кезегінде, М. Моттаки Иран Парламенті екіжақты парламентаралық байланыстарды дамытуға мүдделі екенін мәлімдеп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруда екі елдің парламенттеріндегі достық топтары елеулі рөл атқара алатынын атап өтті. Ирандық депутат Солтүстік-Оңтүстік және Қазақстан-Иран-Түрікменстан көлік дәліздерінің әлеуетін толық пайдалануға шақырып, Иран қазақстандық тауарларды әлемдік нарыққа экспорттау үшін ең қауіпсіз, ең қысқа және тиімді бағыт екенін мәлімдеді.
ИИР Парламентінің Ауылшаруашылық комиссиясы басшысының орынбасары, достық тобының мүшесі Пейман Фалсафи екіжақты тауар айналымын ұлғайту мақсатында тиісті шаралар қолданудың қажеттілігіне тоқталды. Осы ретте ол Иран тарапы қазақстандық дәнді-дақылдарды импорттауға және ИИР аумағы арқылы үшінші елдерге транзиттеуге көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында М. Моттаки ҚР Парламенті Мәжілісінің Иранмен парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелерін жақын уақытта Тегеранға сапармен келуге шақырды.