Хорватия компаниялары Қазақстанмен іскерлік байланыстарды кеңейтуге шақырылды

7436
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Хорватия Республикасына ресми сапары аясында экономиканың түрлі секторларын ұсынатын жетекші хорват компанияларының басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Атап айтқанда, іс-шараға келесі фирмалардың өкілдері қатысты: «INA» – Балқан өңіріндегі ең ірі мұнай кәсіпорындарының бірі; «JANAF» – «Jadranski naftovod» мұнай құбырлары жүйесінің операторы; әртүрлі жүк түрлерін ауыстырып тиеуді қамтамасыз ететін Риека порты; «JGL» – дәрілік препараттардың кең желісін өндіруші Ядран-Гален зертханасы. Сондай-ақ кездесуге Хорватия экономика палатасының құрамына кіретін әрі туризм, сауда және консалтингтік қызметтер саласында жұмыс істейтін компаниялардың өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты екіжақты іскерлік серіктестіктің перспективаларын талқылау және ағымдағы геосаяси және геоэкономикалық шындықтарды ескере отырып, оны дамытудың жаңа бағыттарын айқындау болды.

ҚР СІМ басшысы сұхбаттастарға Қазақстанда жүргізіліп жатқан негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Еліміздегі жүйелі қайта құрулар, сондай-ақ инфрақұрылымды, көлік пен логистиканы дамытуға ауқымды инвестициялар, цифрландырудың жоғары деңгейі Қазақстанда бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететіні аталып өтті.

Министр хорват компанияларын қазақстандық серіктестермен ынтымақтастық орнату мен дамытуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге шақырды. Іскерлік байланыстарды кеңейтудің негізі екі ел арасындағы барлық деңгейлерде жүргізілетін саяси диалогтың оң динамикасы болып табылатынына назар аударылды.

Қазақстан мен Хорватияның тиімді геостратегиялық орналасуын назарға ала отырып, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті дамытуға екі тараптың Еуропа мен Азия арасындағы негізгі көлік-транзиттік хаб ретінде өз позицияларын нығайтуға ұмтылуы ықпал етеді.

Кездесуге қатысушылар энергетика, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, IT-технологиялар, білім беру, туризм сияқты салаларда өзара тиімді бірлескен жобалардың елеулі әлеуетінің бар болуы туралы ортақ пікірге келді.

Осыған байланысты хорват компанияларына перспективалы жобаларды айқындау жөніндегі екіжақты тетіктері – Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен «Қазақстан-Хорватия» Іскерлік кеңесінің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды, олардың келесі отырыстары Астанада 2025 жылы жоспарлануда.

Кездесу қорытындысы бойынша өзара тиімді барлық салаларда екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында екі елдің үкіметтері мен іскер топтары арасында байланысты қолдау уағдаластығына қол жеткізілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -