Қазақстан мен Қытай техникалық және кәсіптік білім беру саласында ынтымақтастықты күшейтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР Премьер-министрінің техникалық және кәсіби білім беру жүйесіндегі студенттерге қолдау көрсету және саланы дамыту үшін елімізде Ұлттық құзыреттілік орталығын құру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.
Министр техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибелермен танысып, қытайлық әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Министрдің мамандарды даярлайтын бірегей оқу орталығы – Лу Бань шеберханасына баруы жұмыс сапары барысындағы маңызды іс-шаралардың бірі болды. Кешен студенттердің жаңа өндірістік және цифрлық технолгогияларды, инженерлік жобалауды меңгеруіне мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен және оқу материалдарымен жарақтандырылған. Бұл тәжірибені Қазақстанда ұлттық құзыреттілік орталығын ашу кезінде қолдану жоспарлануда, ол техникалық және кәсіптік жүйе студенттері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Тяньцзиньде министр Қытайдың жетекші колледждерінің өкілдерімен бірнеше келіссөз өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту және жұмысшы мамандарды даярлауда тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Ғани Бейсембаев сондай-ақ 48 мемлекеттің салалық министрлерінің қатысуымен өткен Дүниежүзілік кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту жөніндегі конференцияға қатысты. Отырыстың пленарлық сессиясында сөз сөйлеген министр Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытудың маңыздылығына тоқталып өтті.
«Қазақстан Президенті жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау жүргізілуде. Әсіресе, күрделі өндірістік мәселелерді шешу үшін қажет эмоционалдық интеллект және инженерлік ойлау сияқты жұмсақ дағдыларды дамытуға ерекше назар аударылуда. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамалық нормаларды жетілдіруге және колледждерді басқару жүйесін күшейтуге басымдық беріледі. Қазақстан өз студенттерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маман даярлау үрдісіне әлемдік кәсіби қауымдастық пен алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын енгізуге ұмтылуда» Ғани Бейсембаев
Сондай-ақ министр ҚХР-ның білім министрі Хуай Цзиньпэнмен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар білім саласында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруде екі елдің тәжірибе алмасуы мәселесін талқылады.