Стокгольмде өткен кездесуде Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов Қауіпсіздік және даму саясаты институтының (ISDP) директоры Сванте Корнеллмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екі елдегі негізгі саяси және экономикалық үрдістерді талқылап, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Елші Қазақстанның экономикалық дипломатияны белсенді дамытып жатқанын, халықаралық серіктестермен байланыстарды нығайтып, бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасап жатқанын атап өтті. Бұл үдерісте озық технологиялар мен инвестицияларды, оның ішінде Швециядан тартуға ерекше назар аударылады. Осы орайда институт жүргізетін талдау зерттеулердің маңыздылығын атап өтіп, олар Орталық Азия өңірінің мүмкіндіктерін еуропалық серіктестер арасында тереңірек түсінуге ықпал етеді.
Қазақстанның орта держава ретіндегі рөлін нығайтуға және оның өңірлік ынтымақтастық пен көпжақты дипломатияны дамытудағы көшбасшылығына ерекше назар аударылды.
С. Корнелл Қазақстан сияқты мемлекеттер өзінің белсенді, прагматикалық және теңгерімді сыртқы саясаты мен өңірдегі стратегиялық ұстанымының арқасында халықаралық үдерістерде беделді қатысушыға айналып жатқанын атап өтті. Ол Қазақстанның өз өңірінде де, тыс жерлерде де тұрақтылықты, бейбітшілікті және дамуды нығайтуға үшін елеулі әлеуетке ие екенін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ISDP мен қазақстандық сараптамалық құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен іс-шараларды өткізу туралы уағдаласты.
Қауіпсіздік және даму саясаты институты (ISDP) – Стокгольмде (Швеция) орналасқан тәуелсіз коммерциялық емес талдау орталығы. ISDP Еуразия мен Кавказ елдеріне мән бөліп, қауіпсіздік, қақтығыстар мен даму арасындағы байланысқа баса назар аудара отырып, халықаралық қатынастарды зерттеуге маманданған.