Қазақстан-Пәкістан күн тәртібіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық
Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафиннің Пәкістанның Федералды сауда министрі Джам Камал Ханмен және Пәкістан Экономика министрінің орынбасары Хумаир Кариммен кездесулері өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Келіссөздер барысында тараптар әртүрлі салаларда, ең алдымен сауда саласында екіжақты ынтымақтастықта қалыптасқан оң динамикаға қанағаттанушылықтарын білдірді.
Пәкістанда 2025 жылдың басына жоспарланған Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының, бірлескен жұмыс топтарының және бизнес-форумның алдағы отырыстарына дайындық мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Өңірлік өзара байланысты дамытуға, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды арттыруға, тікелей банктік байланыс және әуе қатынасы арналарын, оның ішінде жүк авиатасымалдарын жолға қоюға, сондай-ақ екі елдің кедендік, ветеринарлық және фитосанитариялық ведомстволарының қызметін үндестіруге ерекше назар аударылды.
Кездесулердің қорытындысы бойынша Д. Хан және Х. Кәрім аталған жоспарларға толық қолдау білдіріп, Қазақстан-Пәкістан күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты нығайтуға және әртараптандыруға жан-жақты жәрдем көрсету ниетін білдірді.