Екіжақты ынтымақтастықта жаңа серпіліс

22858
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Екіжақты ынтымақтастықта жаңа серпіліс

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының Федералдық қызметі арасында бұрын жасалған келісімдер аясында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов Ресей Федерациясының Росгвардиясымен кездесті. Делегацияны Росгвардияның Білім және ғылым басқармасының бастығы генерал-майор Александр Медведев бастап келген.

Кездесу барысында Ресей федерациясында Қазақстан Ұлттық ұланына қажетті кадрлар даярлау мәселелері талқыланды. Делегация құрамында РФ Ұлттық гвардиясының Пермь әскери институтының бастығы полковник Филипп Сиволапов пен басқа да офицерлер болды.

– Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының Федералдық қызметімен қарым-қатынас орнатуға үлкен мән береді. Өйткені бұл біздің екіжақты әскери ынтымақтастықтағы маңызды серіктесіміз. Екі ел арасындағы достық және сенімді қарым-қатынастар ең алдымен екі елдің басшыларының арқасында қалыптасқан. 2023 жылы қол қойылған біздің ведомстволар арасындағы ынтымақтастық туралы келісім екіжақты қатынастарға жаңа серпін берді және барлық бағыттарды белсенді етуге мүмкіндік берді. Росгвардия – біз тығыз байланыс орнатып, өзара тиімді тәжірибе алмасуды жоспарлаған негізгі серіктестердің бірі, – деді кездесудің ашылуында генерал-майор Бауыржан Әбжанов.

Өз сөзінде Росгвардия делегациясының басшысы генерал-майор Александр Медведев Росгвардияның басшысы — армия генералы Виктор Золотовтың құттықтау сөздерін жеткізіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең тарихи тамырлары бар екенін және қазіргі уақытта олар өте динамикалық түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

Росгвардия делегациясының жетекшісі, генерал-майор Александр Медведев өз сөзінде Росгвардия әскерлерінің бас қолбасшысы – Росгвардияның директоры, армия генералы Виктор Золотовтың құттықтау сөздерін және жылы тілектерін жеткізді.

 – Біздің қатынастарымыздың тамыры тереңде, олар ғасырлардан бері жалғасып келеді. Бүгінде олар өте динамикалық түрде дамып келеді. Жақында Қазақстан делегациясы Пермь әскери институтын аралап келсе, қазір біз қонақжай Қазақстан жерінде отырмыз. Бұл әскери оқу орнында кинологтар дайындау жүргізіледі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық үланы үшін де мамандар даярланады. Қазіргі уақытта бізде төрт әскери оқу орны бар, ал қазан айында Санкт-Петербургтегі Жоғары саяси училищеде академия ашылды. Онда әскери-саяси және командалық-артиллериялық факультеттер ашылған, – деді генерал-майор Александр Медведев.

27 қарашада Астанада Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин жұмыс сапарымен болды, ол Қазақстан Республикасы Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы саммитіне қатысты.

– Қазақстан тарапынан айтылған барлық ұсыныстарды біз жұмыс істеп, әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл адъюнктурада оқыту, диссертация қорғау, сондай-ақ барлық біздің оқу орындарымызбен келісімдер жасау, – деді делегация басшысы қорытынды сөздерінің бірінде.

Одан кейін қонақтар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қызметімен, жауынгерлік міндеттерімен танысты. Бұл жайында ҚР Ұлттық ұланының Даму және ақпараттық-талдамалық жұмыстар басқармасының бастығы полковник Алем Тасмағамбетов баяндады.

Дәл осы күні Росгвардия делегациясы Қазақстан Республикасының Қорғаныс университетінің Ұлттық гвардия факультетіне барып, оның қызметімен танысты. Бұл факультет әскери мамандарды бес мамандық бойынша даярлайды. Ресей әскери қызметшілері сондай-ақ елордадағы Ішкі істер министрлігінің авиациялық базасының объектілерін аралады. Атап айтқанда, 3656 әскери бөлімінің штаб, клуб, спортзал және кітапханасын көрді. Олар әскери бөлімнің тарихы мен жауынгерлік даңқ мұражайымен танысып, инженерлік-техникалық және ұшу құрамының тамақтануы мен қамтамасыз ету ұйымдастыру шарттарын, сондай-ақ авиациялық базаның құрылу тарихы мен қызметі туралы бейнероликті тамашалады.

Сонымен қатар, делегацияның Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан Академиясына атбасын бұрды.

Қонақтарды ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов пен Академия бастығы полковник Артур Тоқышев қарсы алды. Ресейлік делегация құрамында Пермь әскери институтының бастығы полковник Филипп Сиволапов және Росгвардияның білім басқармасының офицерлері болды. Брифингте қонақтарға генерал-майор Бауыржан Әбжанов Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының сәлемін жеткізді. Ұлттық ұлан Академиясының басшылығы дөңгелек үстелде әскери оқу ордасының даму болашағы, білім беру және ғылыми әлеуеті туралы сөз қозғады. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, соның ішінде әскери қызметшілерді даярлауда тәжірибе алмасуды, ғылыми зерттеулерді және білім беру процесіне заманауи тәсілдерді енгізуді талқылады.

- Біз Ұлттық ұлан Академиясында заманауи оқу-материалдық базаның ауқымдылығын және әскери білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды көріп отырмыз. Біздің мақсатымыз — озық тәжірибелермен бөлісу үшін әскери қызметшілерді даярлау тиімділігін арттырудың жаңа жолдарын бірге іздеуге мүмкіндік беретін ынтымақтастық құру, - деді Росгвардияның Білім және ғылым Бас басқармасының бастығы генерал-майор Александр Медведев.

Ресми кездесу барысында қонақтар Академияның жақында ғана ашылған жаңа казармасын аралады. Қонақтарға бес қабаттан тұратын казарманың жатын орындары, жаттығу залдары, тұрмыстық, демалыс және киім ауыстыратын бөлмелері, заманауи жуынатын бөлмелер, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау қоймалары және оқу сыныптары көрсетілді. Әрі қарай қонақтар 27 жылдық тарихы бар Академияның оқу корпусымен танысты. Олар қолбасшылық кабинеттері мен басқару пункттерінде болып, әскери оқу орнының білім беру кафедраларын аралады. Оқу орнының қазақ, орыс және ағылшын пәнін оқытатын аудиторияларында болды. Одан бөлек делегация Академияның ұшқышсыз ұшатын аппараттарының техникалық сипаттамаларымен танысты. Жоғары оқу орнынан кейінгі магистратура және қосымша білім беру факультеттерінің мақсат-міндеттерін тыңдады. Лабораторлық корпуста әскери техника үлгілері мен қару-жарақтар көрсетілді. Сондай-ақ қонақтар Академия мұражайына оқу орнының тарихы мен күнделікті өмірін бейнелейтін экспозицияларды тамашалады. Құрмет кітабына Росгвардия генерал-майоры Александр Медведев естелік жазба қалдырды. Өз кезегінде генерал-майор Бауыржан Әбжанов Ұлттық ұлан Академиясының тарихы өз бастауын алған сәттен бері алыс-жақын шетелден келген делегациялармен тығыз ынтымақтастықта екенін атап өтті.

- Біз Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес серіктес мемлекеттердің озық тәжірибелерін игеріп, әскери білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай жетілдіруге ұмтылып келеміз. Мұндай ынтымақтастық тек білім алмасумен ғана шектелмей, елдер арасындағы өзара сенім мен достық қарым-қатынасты да нығайтады. Әскери дайындықтағы әрбір жаңашылдық – біздің әскеріміздің күш-қуатын арттыратын маңызды қадам.

Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Әріптес елдердің үздік әскери Академиялары және оқу орындарымен байланыс орнату, бірлескен оқу-жаттығу шараларын өткізу – біздің қауіпсіздік жолындағы ортақ мүддемізге қызмет етеді. Бұл арқылы біз еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып, әлемдік аренада сенімді серіктес ретінде танылып отырмыз, - деді Бауыржан Садықұлы.

Ресми бөлімнен тыс бағдарламаға сай, қонақтар еліміздің мәдени мұрасымен танысу мақсатында Петропавлдағы Абылай хан резиденциясына барды.  Себебі ол - қазақтың ұлы ханының өмірі мен қызметі туралы баяндайтын бірегей тарихи-мәдени нысан. Делегация мұражай экспозициясымен танысты, сондай-ақ Абылай ханның Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтудағы рөлі туралы білді. Одан бөлек қонақтар Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болып, көрме қойылымдарына шолу жасады. Энеолит дәуіріне жататын және әлемге танымал әрі бірегей саналатын Ботай қонысына арналған материалдар келушілердің қызығушылығын тудырды.

Қызметтік сапар соңында тараптар өзара құрмет пен тиімді ынтымақтастықты жалғастыру ниетінің нышанына айналған естелік сыйлықтармен алмасты.

Айта кетейік, Росгвардия Білім және ғылым Бас басқармасы делегациясының ҚР Ұлттық ұланы Академиясына сапары халықаралық өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды қадам болды. Мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы достық байланысты нығайтады, кәсіби дағдыларды дамытуға және әскери қызметшілердің даярлық деңгейін арттыруға ықпал етеді.

1997 жылдан бері Қазақстан Ұлттық ұланының шамамен 500 әскери қызметшісі Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарында білім алған, оның ішінде Росгвардия оқу орындарында 47 әскери қызметші оқыды. Жүйелі түрде ғылыми салада халықаралық іс-шаралар өткізіліп, ведомстволық оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамдары конференциялар мен семинарларға белсенді қатысады, сондай-ақ екі ведомство ғалымдарының ғылыми еңбектері екі елдің мерзімді баспасөздерінде жарияланады.

Полковник Ерболат СҰЛТАНОВ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -