Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің елімізде аккредиттелген араб мемлекеттерінің елшілерімен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Басқосудың негізгі тақырыбы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылау, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасу болды.
Сонымен қатар әртүрлі салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік және логистика салаларына ерекше назар аударылды.
Сұхбат барысында ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы екіжақты қатынастар дамуының оң динамикасын атап өтіп, 2024 жылғы араб елдерімен ынтымақтастықтың негізгі қорытындыларын айқындады және алдағы жылға ортақ негізгі міндеттерді белгіледі.
Министр еліміздің араб мемлекеттерімен серіктестігінің маңыздылығын атап, ортақ саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар мен мүдделерге ерекше мән берді. Сондай-ақ елшілерге екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлестері және Қазақстан мен араб әлемі арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы белсенділігі үшін алғыс білдірді.
«Қазақстан өз серіктестерімен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада бар байланыстарды кеңейтуге және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын зерттеуге барлық мүмкіндіктерді пайдалануға дайын және бейіл» Мұрат Нұртілеу
Араб дипломатиялық миссияларының басшылары Қазақстанның бейбітшілікті нығайту, тұрақты даму және қауіпсіздік мәселелерін ілгерілету жолындағы рөлі мен күш-жігерін, соның ішінде БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа да халықаралық алаңдар шеңберіндегі бастамаларын жоғары бағалады. Елшілер Қазақстанның тұрақты дамуының берік негізін қалап, өңірлік тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына қолдау білдірді.
Араб дипломаттары Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосымен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға және елдер мен өңірлер арасындағы жан-жақты байланыстарды кеңейтуге дайындықтарын растады.
Достық атмосферада өткен кездесудің қорытындысы бойынша тараптар тұрақты диалогты жалғастыруды қолдап, бірлескен жобалар мен міндеттерді іске асыру жолында ұмтылысты күшейтуге уағдаласты.