Иранда өткен 14-ші халықаралық спорттық фильмдер фестивалі Қазақстан кинематографиясы үшін маңызды оқиға болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Айтулы шарада «Алға» фильмі екі марапатқа ие болды.
«Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» жүлдесін Ерік Жолжақсынов алса, «Үздік режиссер» номинациясында Ернар Нұрғалиев жеңімпаз деп танылды.
«Алға» – әкелерінің қазасынан соң қылмысқа бет бұрған ағайындылар жайлы фильм. Алайда олардың ауылына талантты жастарды іріктеу үшін жеңіл атлетикадан жаттықтырушы келіп, өмірлеріне өзгеріс әкеледі. Ағайындылардың бірі марафондық жүгіруден әлем чемпионымен бәсекеге түседі.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілді. Фильмнің продюсері – Максим Акбаров, режиссері – Ернар Нұрғалиев.