Тоқаев Қазақстан мен Ресей парламентшілерінің қосқан үлесін атап өтті

4411
Фотосурет: Akorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысы Ресейдің Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Федерация Кеңесі төрағасының сапары парламентаралық байланысты нығайту тұрғысынан ғана емес, Қазақстан мен Ресейдің көпжоспарлы стратегиялық серіктестігін барлық бағытта одан әрі арттыру үшін маңызды екенін айтты.

"Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Жақында біздің елімізге Владимир Владимирович Путин мемлекеттік сапар жасады. Бұл стратегиялық серіктестікті, екі ел арасындағы одақтастықты дамытуға тың серпін берді. Мен екіжақты ықпалдастықтың болашағы зор деп ойлаймын" Қасым-Жомарт Тоқаев 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл үдерісте парламентаралық дипломатия айрықша рөлге ие. Президент депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосады деп санайды.

Өз кезегінде Валентина Матвиенко қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстанға зор ықыласпен және парламенттік үлкен делегацияны бастап келгенін айтты. Ол Ресей Президентінің сәлемін жеткізіп, Владимир Путин Астанаға жасаған сапарының қорытындысын жоғары бағалағанын атап өтті.

"Ресей Президентінің Қазақстанға сапары өте табысты әрі нәтижелі болды. Ең бастысы, өзара тиімді және құрметке негізделген біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны артып келеді. Қазақстан мен Ресей президенттерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Тауар айналымы, инвестиция, өндірістегі ірі жобалар, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді қай саланы алып қарасақ та, екі ел арасындағы берік стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың нағыз үлгісін көреміз" Валентина Матвиенко

Кездесуде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -