Ұлыбритания елшісі: Қазақстан – табиғаттың нағыз қазынасы

3663
Фотосурет: British Embassy in Kazakhstan

Ұлыбритания елшісі Қазақстанның табиғи мұрасынан ерекше әсер алды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан ауқымдылығымен және бірегей сұлулығымен таң қалдырды.

Қазақстанның табиғи мұрасы тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, бүкіл әлем қонақтарын шабыттандыруда. Бұл туралы Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэти Лич «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Садвақасовтың авторлық «Born Bold. Travel Boldcast» подкасты барысында айтты.

Британдық дипломаттың көзімен Қазақстан

Кэти Лич Қазақстанның кең ауқымды және ерекше әсем табиғатына таңданысын білдірді. Ол елдің табиғи мұрасы ерекше екенін атап өтті. Дипломаттың айтуынша, британдық туристер үшін Қазақстан нағыз жаңалық әрі шабыт көзіне айналады.

Сұхбат барысында Кэти Лич қазақтар мен британдықтардың тағамға деген талғамдарында ұқсастық бар екенін, әсіресе ет тағамдары мен шай ішу мәдениетіне деген сүйіспеншілікті ерекше атап өтті.

Томас Аткинсон және Жетісу

Подкаст барысында XIX ғасырда Қазақстанның көрікті аймақтарын, соның ішінде Жетісуды зерттеген британдық сәулетші және саяхатшы Томас Аткинсон туралы айтылды. Дәл осы Жетісу жерінде Аткинсондардың ұлы дүниеге келіп, оған Алатау Тамшыбұлақ деген есім берілді. Бұл атау Алатау таулары мен сол жерде орналасқан табиғи көрініске орай қойылған.

Бұл оқиға Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тарихи байланысты айқындап, қазақ жерінің ерекше ландшафттары бұрынғы зерттеушілерді де қызықтырғанын көрсетеді.

Туризмді дамыту және экомәдени мұра

Подкастта Қазақстан туризмін дамытуға қатысты маңызды тақырыптар көтерілді:

  • Экологиялық туризм, глэмпинг және киіз үй туризмі – болашағы зор бағыттар;
  • Көшпенділер қонақжайлығы мәдениеті және оның заманауи туризмге әсері;
  • Ұлы Жібек жолының маңызы, ол әлі күнге дейін халықаралық саяхатшылардың назарын аударуда.

Кэти Лич өз сөзінде бұрынғы елші Пол Браммелл дайындаған Қазақстан бойынша алғашқы гид-жоба туралы да айтып өтті.

Born Bold. Travel Boldcast – туризмді ілгерілетудегі жаңа қадам

«Born Bold. Travel Boldcast» – бұл Қазақстан туралы алғашқы ағылшын тіліндегі подкаст. Оның негізгі мақсаты – елдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау, қазақтың дәстүрі, мәдениеті мен туристік бағыттары туралы тереңірек ақпарат беру.

Айта кетейік, подкастың алғашқы қонағы Қазақстандағы Италия елшісі Марко Альберти болды. Кэти Личтің қатысуымен өткен жаңа шығарылым шетелдік туристерді тарту мен елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуда маңызды қадам болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -