Қазақстан америкалық бизнес өкілдерімен кездесуде өзінің стратегиялық рөлін атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
АҚШ Сауда палатасының алаңында америкалық компаниялардың басшылары мен Қазақстан-Америкалық іскерлік кеңестің (USKZBC) мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, оның барысында өткен жылдың бірлескен жұмысының нәтижелері талқыланды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында екіжақты сауданың айтарлықтай өсіп, 3,3 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтті. Бұл соңғы төрт жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Кездесуде логистика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар және энергетика салаларындағы инвестициялық әріптестікті жандандырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев елдің инвестициялық кең ауқымды мүмкіндіктерімен, соның ішінде салықтық жеңілдіктер мен салықтық әкімшілендіруді цифрландыру арқылы үдерістерінің ашықтығын арттырумен таныстырды. Сондай-ақ, жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың сәттілігін, АҚШ-тың Қазақстанға Сауда миссияларын және «B5+1» сияқты жаңа диалог алаңдарының іске қосылуын атап өтті.
Елші, сонымен қатар, елдің қарқынды дамып келе жатқан қаржы техногиялар экожүйесіне тоқталып, Қазақстанның цифрлық трансформация мен қолма-қол ақшасыз қаржы операциялары саласындағы көшбасшылығын атап өтті.
Америкалық компаниялардың өкілдері Қазақстанның өңірдегі тұрақтандырушы күш ретіндегі рөлін және елдің «Орта дәліз» аясындағы көлік-логистикалық мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Екіжақты қарым-қатынастардағы маңызды кезең ретінде елдер арасындағы экономикалық және мәдени алмасуларды нығайтуға серпін беретін Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін іске қосу жоспарлары аталып өтті.
Дөңгелек үстел сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, оның үстінде Қазақстанның ОПЕК+ квоталары аясында тұрақты мұнай өндіруді қамтамасыз етуге деген ұстанымы, өсіп келе жатқан қаржы технологиялар экожүйесі және елдің көлік-логистикалық әлеуеті талқыланды.