Өңіраралық әріптестікті дамыту шеңберінде Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Түркістан облысының делегациясымен, сондай-ақ қазақстандық іскер топтармен бірге Жизақ облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жизақ облысының жаңадан тағайындалған хокимі Улугбек Мустафоевпен кездесуде шекара маңындағы сауданы, транзиттік-көліктік әлеуетті және туристік ынтымақтастықты дамытуды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері талқыланды.
Елші өңірлердің әлеуетін, облыстарда өндірілетін тауарлар тізбесін зерделеу қажеттігін атап өтті. Бұл өзара сауда номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді және елдер арасындағы ортақ сауданы дамытуға ықпал етеді. Іскер топтар арасында тікелей байланыс орнату – экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болатынын атап өтті, сондай-ақ туристік маршруттарды әзірлеудің және шекара маңындағы аудандардың азаматтары үшін автобус рейстерін іске қосудың маңыздылығына да тоқталды.
Жизақ облысының хокимі сауда, туризм (оның ішінде медициналық), білім беру және басқа да перспективалы бағыттар саласындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап айтып, өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды жан-жақты дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Түркістан облысының туризм басқармасы мен Жизақ облысының «Заамин» демалыс аймағы дирекциясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат туристік әлеуетті дамытуға және өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Бұл 2024 жылдың қазан айында Самарқандта өткен Қазақстан мен Өзбекстанның IV өңіраралық форумы аясында басталған жұмыстың жалғасын көрсетеді. Форум барысында Түркістан және Жизақ облыстары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды.