Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов және Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы Беларусь Республикасы Қарулы күштері Бас штабының құрылу күніне арналған іс-шараға қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сапар аясында Қазақстан Қорғаныс министрлігінің өкілдері 1941 жылдың маусым-шілде айларында неміс-фашист басқыншыларының алғашқы соққысын қабылдаған Брест бекінісінің қаһарман қорғаушыларын еске алды.
Минск қаласында Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Беларусь әріптесі генерал-майор Павел Муравейкомен кездесті.
Тараптар ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ шеңберіндегі ынтымақтастық аспектілерін қозғап, өңірлік қауіпсіздік пен екіжақты қатынас мәселелерін талқылады.
– Биылғы жылы Қазақстан мен Беларусь аумағында екі ел бөлімшелерінің қатысуымен бірнеше іс-шараларды өткізуге мүмкіндік туды. Оның барлығы сапа мен сындарлы тәсілмен ерекшеленеді. Біздің әскери қызметшілер екінші рет қатысып отырған «Ерлік пен шеберлік» сынақтарын ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін алғыс білдіремін, – деп нақтылады ол.
Беларусь жоғары оқу орындарында біздің әскери қызметшілерімізді даярлау сапасын атап өткен Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскери оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамымен өзара алмасуды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесуде Қазақстан Қарулы күштері қолбасшылығының өкілі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар туралы хабардар етті. Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Беларусь суворовшыларының жақсы дайындығын атап өтіп, оларды 2025 жылы «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысуға шақырды.
Тараптар жауынгерлік, кадрлық және бітімгерлік дайындық желісі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді.