ҚР Сиань қ. Бас консулдығы Сиань қаласында білім алып жатқан қазақстандық студенттерінің «KSAC» (Kazakhstan Students Association in China) қоғамдық бірлестік жұмысын жандандыруды қолға алды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Студенттер бірлестігі алғашқы бас қосуын өткізді. Жиынға қазақстандықтар оқитын бірқатар университеттердің 100-ден астам еліміздің жастары белсенділік көрсетті.
«KSAC» қазақстандықтар оқитын оқу орындарынан өз активист уәкілдерін сайлап, бірлестікке жинақтаған. Қоғамдық ұйымның басты мақсаты – шетелде білім алушы қазақстандық жастардың ұйымшылдығын шыңдау мен патриоттық тәрбие беру, қажетінше құқықтық және бір-біріне әлеуметтік қолдау көрсету. Бас консулдық өз тарапынан қоғамшыл, талантты жастарды тәрбиелеу арқылы, студенттердің өтініші бойынша ірі қытайлық компанияларда оқудан кейінгі тәлімгерлік-практикалық курстардан өткізуді ұйымдастырмақ.
Кездесуде Қазақстанның табиғи және тарихи мұрасын таныс етуге бағытталған мәдени-ағарту жобаларын, спорттық жарыстар мен акцияларды ұйымдастыруды қамтитын 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Жоспарларда шетелде ұлттық мәдениетті насихаттау және жас отандастарды белсенді қоғамдық өмірге тарту мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Бас консулдық пен «KSAC» қоғамдық бірлестігі консулдық округке енген барлық өлкелердің оқу орындарында өз жұмысын жүргізіп, білім алып жүрген әрбір қазақстандық студенттің білікті мамандық иесі болуына ықпал етіп, түрлі іс-шара мен кездесулерге қатысып, студенттік кезеңін тиімді өткізуіне мүмкіндік жасамақ.