2025 жылғы 16 қаңтарда Әзербайжан Республикасының Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) отырысы аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Түркия Республикасының Сауда министрлігі арасында екіжақты кездесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері, оның ішінде 2025 жылы тауарлар мен көлік құралдары туралы ақпарат алмасу бойынша техникалық шарттарды бекіту талқыланды. Бұл шарттар кедендік рәсімдерді оңтайландыруға және сауда операцияларының ашықтығын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ тараптар уәкілетті экономикалық операторларды өзара тану туралы келісім жасасу мәселесін қарастырды. Бұл кедендік рәсімдерді өту уақытын қысқартып, екі елдің экономикалық операторларына деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Талқылау барысында өзара сауданың статистикалық деректерін салыстыру үшін жұмыс кездесуін өткізу қажеттілігіне және 2025 жылы Түркия Республикасында өтетін Бірлескен кеден комитетінің отырысына дайындыққа назар аударылды.
Бұл кездесу Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды және екі тараптың белсенді ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға дайындығын көрсетті.